Қостанайда бес жылда 100 алма бағы пайда болады

Қостанайда бес жылда 100 алма бағы пайда болады

Биыл өңірдегі 100 білім беру ұйымына мың көшет отырғызу жоспарланған.

Қостанайда мектеп аулаларын жеміс бақтарына айналдыруға бағытталған «Менің аулам – менің бағым» облыстық жобасы басталды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асатын жоба бойынша 2030 жылға дейін 100 жеміс бағын ашып, шамамен 3 мың ағаш егу жоспарланған. Алғашқы көшеттер бүгін Қостанай қаласындағы №31 жалпы білім беретін мектептің ауласына егілді.

blankblankЖоба бес жылға жоспарланған. Оның алғашқы кезеңінде 85 мектеп, 12 колледж және үш жоғары оқу орны қамтылып отыр. Биыл күзде осы білім беру ұйымдарына мың алма көшетін отырғызу көзделген.

Облыстық Білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаровтың айтуынша, әр мектептің ауласында алма бағы болуы туралы бастаманы облыс әкімі тамыз кеңесінде көтерген. Осыдан кейін білім басқармасы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдарымен бірлесіп, өңірдің климаттық жағдайына бейімделетін алма сорттарын таңдаған.blank

– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыс әкімі әр мектептің ауласында алма бағы болса деген тапсырма берген еді. Университет ғалымдарымен бірлесіп, өңірімізде қандай алма сорттарын егу керектігін, қайсысы жақсы жерсінетінін анықтадық. Алғашқы кезеңде 100 білім беру ұйымын таңдадық. Биыл мың алма көшетін отырғызамыз. Келесі жылдары жобаның ауқымы кеңейе береді, – деді Ардақ Бегатаров.

Бүгін №31 мектептің ауласына 35 жеміс ағашы егілді. Көшеттер саны білім беру ұйымдарының аумағына қарай белгіленген. Алғашқы ағашты облыстық білім басқармасының басшысы отырғызды.blank

Жобаның мақсаты ағаш егіп, есеп берумен шектелмейді. Әр баққа оқушылар мен педагогтер арасынан жауапты адамдар бекітіліп, олар көшеттерді күтіп-баптауға, өсуін бақылауға және жасыл желектің сақталуына атсалысады. 2027 жылдың көктеміне қарай көшеттердің кемінде 80 пайызының сақталуы жоспарланып отыр.

Бақ күтімі оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етпек. Балалар табиғатты қорғаудың маңызын теория жүзінде ғана емес, өз қолымен ағаш отырғызып, оны күтіп-баптау арқылы түсінеді. Сонымен қатар жоба аясында зерттеу жұмыстарына, кәсіптік бағдар беруге және ата-аналар мен әлеуметтік серіктестерді ортақ іске тартуға көңіл бөлінеді.blank№31 мектептің 11-сынып оқушысы Бекнұр Сейітбек те көшет отырғызу жұмысына қатысты. Биыл мектеп бітіруге дайындалып жүрген жас үшін бұл күннің орны бөлек. Ол өзі еккен ағаштың өсуін алдағы жылдары да бақылап отырмақ.

– Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасының түпкі мақсаты – тазалықты өзіңнен бастап, айналаны да таза ұстау. Бүгін көгалдандыру жұмысына қатысқаныма қуаныштымын. Биыл біз мектепті бітіреміз. Мынау – менің еккен ағашым. Жыл сайын келіп, оның қалай өсіп жатқанын көріп отырамын, – деді Бекнұр Сейітбек.

blank

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ