Рудный қаласында Ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шара кең көлемде аталып өтті. Мерекелік кештің шымылдығы тағылымы мол сахналық қойылыммен түрілді. Көрермен назарына ұлы ағартушы, қазақ даласында білім шамын жаққан Ыбырай Алтынсарин мен оның шәкірті арасындағы тағылымды көрініс ұсынылды.
Сахнадағы ұстаз бейнесі арқылы педагог мамандығының жауапкершілігі мен қадір-қасиеті кеңінен ашылды. Ұстаз болу – жай ғана кәсіп таңдау емес, жүрек қалауы, балаға деген шынайы ықылас пен үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті жол екені айтылды. Өйткені екінің бірі ұстаз бола алмайды. Ұстаздықты таңдаған жан шәкіртінің бойына біліммен бірге адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық секілді асыл қасиеттерді сіңіруге ұмтылады. Қойылымнан басталған мерекелік кеш одан әрі ұстаз еңбегін ұлықтаған мазмұнды бағдарламаға ұласты.

Мерекелік іс-шарада Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко білім саласының өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ұстаз еңбегінің қоғамдағы орнына тоқталды.
«Мұғалім – өте күрделі мамандық. Оның міндеті тек пән бойынша білім беру ғана емес, адамды өмірге үйрету. Өз елінің патриоты болуға, Отанын сүюге баулу. Мен бірінші сыныпқа барған кезім жақсы есімде. Артық сөз айтуға да, жан-жағымызға бұрылуға да именетінбіз. Мектепте алған білім қоры әрқашан қажет болады. Оны мен іргетас деп атаймын. Одан әрі орта білім, жоғары білім, кейін адамның өмір бойы жалғасатын өздігінен білім алуы қалыптасады. Бүгінде біз күн сайын өмірден сабақ алып, жаңа нәрсеге үйреніп келеміз», – деп ағынан жарылды қала әкімі.
Уақыт талабына сай білім беру жүйесінің де өзгеріп отырғанын айтқан қала әкімі қазіргі педагог үшін үнемі ізденіп, білімін жетілдірудің маңыздылығына назар аударды. Оның сөзінше, бірнеше онжылдық бұрын компьютер, смартфон секілді бүгінгі технологиялар күнделікті өмірдің бір бөлігі болады деп ешкім ойламаған.
«Отыз-қырық жыл бұрын бізде компьютер болған жоқ, оның не екенін де білмейтінбіз. Тіпті қызым менен: «Әке, сен кішкентай кезіңде қандай компьютер қолдандың?» деп сұрады. Мен оған: «Біз есепті есепшотпен көбейтетінбіз», – деп жауап бердім, – деді ол әзілмен.
Бүгінде цифрландыру мен заманауи технологиялардың білім беру саласына кеңінен енуі мұғалімдерге де жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осы орайда педагогтердің өздігінен білім алуы, кәсіби біліктілігін арттыруы және қайта даярлаудан өтуі маңызды бағыттардың бірі екені айтылды.
«Сіздерден де көп нәрсе байланысты. Педагогтердің өздігінен білім алуы, кәсіби даярлығы мен қайта даярлығы бүгінгі білім беру саласының маңызды мәселелерінің қатарында тұр. Сондықтан заман өзгерген сайын ұстаз да үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы қажет. Кезінде бізге білім берген, кейінгі жастарға бағыт-бағдар берген ардагерлерімізге алғысымды білдіремін. Бүгінде ұстаздық жолын енді бастап келе жатқан жас мамандарға өз білімін беріп, қолдау көрсетіп жүрген сіздерге де ризашылығымды айтамын. Оларға көмектесу қажет. Өмір өзгереді, заман өзгереді, бірақ «ұстаз» деген сөз адамның жадында өмір бойы қалады, – деді қала әкімі.
Ұстаздық – ұрпаққа жол сілтейтін, білім мен тәрбиені қатар ұштастыратын қасиетті мамандық. Сондықтан бұл күн – тек мұғалімдердің ғана емес, әр адамның өміріне із қалдырған ұстаздарға тағзым ететін тағылымды мереке. Қала әкімі сөзін аяқтаған соң бірқатар мұғалімдерге марапат табыстады. Оншақты ұстаз ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты институттың, облыс әкімінің және қала әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Марапат иелерінің бірі – Дәмдігүл Сұлтан. Ол Рудный қаласындағы №15 балабақшаға тәрбиеші болып келіп, осы салада тәжірибе жинақтады. Бүгінде әдіскер қызметін атқарып, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, педагогтердің кәсіби ізденісіне қолдау көрсетіп келеді. Баламен жұмыс істеу – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ішкі жауапкершілігі мол мамандық. Өйткені тәрбиешіге ата-ана аманат еткен әрбір бүлдіршіннің бойына жақсы қасиет дарытып, оның қабілетін ашу міндеті жүктеледі. Дәмдігүл Сұлтан бұл мамандықтың мәнін еңбек тәжірибесі арқылы терең түсінгенін айтады.

«Тәрбиеші болу кез келген адамның қолынан келе бермейтін үлкен жауапкершілік. Үйде өз балаңа көңіл бөліп, кейде шаршап қалатын кездер болады. Ал балабақшада 25 баланың әрқайсысына жеке көңіл бөліп, әр үйдің еркесін өз балаңдай көріп, оған мейірім мен қамқорлық таныту үлкен шыдамдылықты, төзімділікті және кәсіби шеберлікті талап етеді. Әр баланың мінезін түсініп, бойындағы жақсы қасиеттерін ашып, жетістікке жетелеу – тәрбиешінің басты міндеттерінің бірі», – дейді ол.
Тәжірибелі маманның айтуынша, тәрбиешілік қызметтен әдіскерлікке ауысқанымен, оның жұмысындағы басты ұстаным өзгерген жоқ. Себебі екі қызметтің де өзегінде бала тәрбиесі мен педагогтің еңбегін қолдау тұр.
«Қазір әдіскер болып жұмыс істеймін. Тәрбиеші мен әдіскердің еңбегін бір-бірінен бөліп қарау қиын. Себебі екеуінің де жұмысының өзегінде бала тұр. Әдіскердің міндеті тек басқару емес. Мен өзімді педагогтарға бағыт-бағдар көрсетіп, олардың кәсіби дамуына қолдау білдіретін жолбағдар іспеттімін деп қабылдаймын. Әріптестеріммен бірге жұмыс істеп, олардың өз ісінде жетістікке жетуіне, ізденуіне және қолайлы ортада еңбек етуіне көмектесуге тырысамын», – дейді Дәмдігүл Сұлтан.
Оның кәсіби жолындағы жетістіктері де аз емес. Балабақшаішілік марапаттардан бөлек, 2022 жылы әкімнің марапатына ие болған. Қостанай облысының білім басқармасы тарапынан берілген марапаттары да бар. Сонымен бірге халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі түрлі конференциялар мен іс-шараларға белсене қатысып келеді.
«Әрбір марапатты еңбегіме берілген баға деп қабылдаймын. Бірақ одан да маңыздысы – өз ісіңе деген жауапкершілікті сезіну. Бала тәрбиесі үнемі ізденісті қажет етеді. Сондықтан қандай жетістікке жетсең де, тоқтап қалмай, әрі қарай үйренуге, тәжірибе алмасуға ұмтылу керек», – дейді кейіпкер.
Жиын барысында кеншілер қаласының бас ұстазы, қалалық білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаев сөз алып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.
«Ұстаз – ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосатын, адам өмірінде айрықша із қалдыратын ұлы тұлға. Әр адамның жүрегінде өзіне бағыт-бағдар берген, білім нәрімен сусындатып, өмір жолына жол сілтеген аяулы ұстазы болады. Ұстаз шәкіртке тек білім беріп қана қоймай, оның болашақ мамандығын таңдауына, өз жолын табуына ықпал етеді. Сондықтан ұстаз еңбегі қашанда зор құрметке лайық. Осы айтулы мерекеде барша әріптестеріме мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Елімізде тыныштық, халқымызда береке болсын! Ұстаз мәртебесі биіктеп, шәкірттеріңіздің жетістігі еңбектеріңіздің жемісіне айнала берсін», – деді Темірхан Жайлыбаев.
Бөлім басшысы облыстық білім басқармасының марапаттарын табыстады. Сондай-ақ, Қостанай облысы білім және ғылым ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының грамоталары да табысталды.
Марапаттар легі аяқталған соң ән мен биге кезек берілді. Жергілікті өнерпаздар мен өнер орталықтарының өкілдері кештің шырайын кіргізіп, өнерлерін паш етті. Сонымен қатар, музыкалық колледждің студенттері Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» өлеңін әнге салып хормен шырқап берді. Үйлесімді ұйымдастырылған салтанатты жиын ұстаздарға мерекені сезіндіріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
