Әлеуметтік кәсіпкерлерге 93,5 млн теңге грант беріледі

Әлеуметтік кәсіпкерлерге 93,5 млн теңге грант беріледі

Қостанай облысында әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған қайтарымсыз грант байқауы өтіп жатыр. Биыл осы мақсатқа 93,5 млн теңге бөлінген.

Грантқа үміткерлердің бірі – етік тігуді хоббиден кәсіпке айналдырған Алтынсарин ауданының тұрғыны. Қуандық Сейдахметов былғарыдан аяқ киім тігумен үш жылдан бері айналысады. Кәсібін бірден дайын өндірістен бастаған жоқ. Алдымен кебіс жөндеумен айналысып, кейін етік тігуге қызығушылығы арта түскен.

Шебер кәсіби тәжірибесін Қытайдан келген қандастардан үйренгенін айтады. Олармен тәжірибе алмасып, етік тігудің қыр-сырын меңгерген. Кейін өз шеберханасын ашып, тапсырыспен жұмыс істей бастаған.

Қазір Қуандық Сейдахметовтің қолынан шыққан етіктерге Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс түседі. Өнімдерін негізінен табиғи былғарыдан тігеді. Мәселен, ұзын етіктің сыртқы бөлігіне сиыр терісі, ал ішкі жағына қой терісі қолданылады.

«Оған үлкен қолқабыс керек үкімет жағынан. Ақша жағынан, аппараттар жағынан көмек болса. Тігетін адамдар табылады. Қазір әйелдер бар, перде тігеді жай машинкамен. Солардың бәрін былғары тігуге үйретуге болады», – дейді кәсіпкер.

Шебердің ендігі мақсаты – шағын шеберхананы толыққанды кәсіпорынға айналдыру. Ол үшін заманауи құрал-жабдық сатып алып, өндіріс көлемін ұлғайтқысы келеді. Жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды былғарыдан бұйым тігуге үйретуді де жоспарлап отыр.
Осы мақсатқа жетуге әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған қайтарымсыз грант көмектеспек. Биыл гранттың ең жоғары мөлшері – 5 млн теңге.

Қуандық Сейдахметов байқаудың финалына өткен кәсіпкерлердің қатарында. Биыл комиссия алдында 15 шағын кәсіпкердің жобасы қаралуда. Олардың арасында қайта өңдеу, тамақ және ет өндірісі бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлер бар.

blank

Қостанай облысының Кәсіпкерлік басқармасы бөлімінің басшысы Асан Досмағанбетовтің айтуынша, жоба өңірде 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Алғашқы жылы 10 кәсіпкерге шамамен 50 млн теңге көлемінде грант берілген. 2025 жылы 17 кәсіпкер 83 млн теңге алған.
Биыл бағдарламаға 93,5 млн теңге қарастырылған. Мамандардың айтуынша, қаржы кәсіпкерлерге қажетті жабдықтарды сатып алып, өндірісті жаңғыртуға және кәсіп көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал етік тігуді хобби ретінде бастаған Қуандық Сейдахметов үшін грант – шеберхананы кеңейтіп қана қоймай, шағын өндіріс құруға мүмкіндік.