Қостанайда «Мың бала» республикалық жобасының облыстық кезеңі мәреге жетті

Қостанайда «Мың бала» республикалық жобасының облыстық кезеңі мәреге жетті

Биыл жүзге жуық бала бақ сынап, соның жиырмасы бас жүлде үшін таласты. А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің 1-курс студенті Кэтрин Майер жеңімпаз атанып, республикаға жолдама алды.

«Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған сайыс М.Дулатұлы атындағы ҚИнЭУ-дың мәжіліс залында өтті. Жобаның Қостанай облысындағы үйлестірушісі Айбек Таңатбаевтың айтуынша, үміткерлер жоғары дайындықпен келген. Сондықтан жеңімпазды анықтау қиынға соқты. Қатысушылар екі аталымға топтастырылды. Біріншісі «Әлеуметтік желілерде мәнерлеп оқу» деп аталған. Талап бойынша түрлі этнос жастары Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай ақын шығармаларын жатқа, мәнерлеп оқып, әлеуметтік желілерде бейне үзік ұсынуға тиіс. Бұл бәйгеде Жангелдин ауданынан келген Данияр Ибраевтың өнері көрерменді тәнті етті. Торғай жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы ақиық ақынның «Райымбек, Райымбек!» поэмасынан үзінді оқыды. Үміткердің дауыс ырғағынан асқақ рух сезіліп, көрермен шабыттана түскендей. Өзге де аудан, қалалардан келген балғындар мүмкіндіктері жеткенінше ақын поэзиясын жаңғыртты.

blank blank

«Бірлікке үн қосқан» деп аталған екінші номинацияда қатысушылардың вокалдық шеберлігі сыналды. Он бес өнерпаз қазақтың дәстүрлі әндерін, ұлттық және классикалық шығармаларын орындады. Әсіресе, әнді домбырамен сүйемелдеп шырқаған шәкірттер қандай талантты дерсіз.

blank

blank

Меңдіқаралық Ксения Шило «Беу, айдай» әнін айтқанда жиналғандар қол соғып, жас әншіні ерекше қолпаштады. Рудныйлық Анастасия Плющенко «Атамекен» деп ән салып, вокалдық қабілетінің зор мүмкіндігін аңғартты. А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дың 1-курс студенті Кэтрин Майер «Қазақ жастарының әнұранын» орындады. Кэтриннің есімі облыстық  БАҚ арқылы біршама танылып қалды. Денисов ауданының тумасы қазақ тілін шебер меңгерген. Мемлекеттік тілдегі балабақшадан бастап, қазақ мектебінде оқыған. Бүгінде Ахаң атындағы оқу ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығында жоғары білім алуда. Ол қазақтың тілімен қатар өнерін де жастайынан бойына сіңіріп өскен талант.

blank

«Өнерге қадамымды балабақша сахнасынан бастадым. Алғаш орындаған әнім — «Асыл әже». Бес жыл Денисов ауданында музыкалық мектепте оқыдым. Қазақ тілін, халық әндерін үйренуге бағыт берген ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Кішкентайымнан мемлекеттік тілді меңгергенімнің арқасында қазір кез-келген жарысқа именбей қатыса аламын», – деді ол.

blank

Вокалдық орындаушылық бағытта әуезді әнмен қатар күй күмбірі қалықтады. ҚӨУ-дың 1-курс студенті Софья Полякова «Ер тұран» күйін, Денисов ауданының өрені Нелли Важничая «Кеңес» күйін екпіндете жөнелді.

blank

Байқау қатысушыларының өнерін кәсіби мамандардан құралған әділқазылар алқасы бағалады. Оның құрамында «Қазақ тілі» РҚБ Қостанай филиалының төрағасы, «Қостанай» телеарнасының директоры Заңғар Санай, Ы.Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейінің директоры, композитор Марғұлан Оспанов, облыстық мәдениет басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Кенжеғали Бимағанбетов, облыстық филармонияның солисі, әнші Айсұлу Тұткышева сияқты танымал азаматтардың болды.

blank

«Жеңімпаз алдағы уақытта республикалық кезеңге жолдама алады. Біздің облыстың намысы деп түсіну керек. Қатысушылардың бәрі керемет. Бірінен бірі өткен. Бөліп жарып қарауға тағы болмайды. Бірақ, ертеңгі күні елордаға барғанда Қостанайдың беделін түсірмейтіндей, жан-жақты болғаны жөн», – деген қазылар алқасының мүшесі Заңғар Санай байқауда қатысушылардың өнерімен қоса мемлекеттік тілді меңгеру қабілеті есепке алынатынын еске салды. Сол себепті қазылар алқасы 20 баланың арасынан оза шапқан бес жүйрікке қазақ тілінде қысқаша сұрақтар қойды. Соның нәтижесінде үздік бестіктің ішінен бас жүлде иесін анықтады.

blank

Мәдени-ағартушылық жоба болғандықтан әр бала қазақ тілінде ән айтумен қатар, қазақ тілінде таза сөйлеуге тиіс. Осы арада кейбір үміткерлер мүдіріп, қазақша қойылған сауалдарға жауап бере алмады. Топ ішінен Кэтрин Майер суырылып алға шығып, әділқазылар мүшесімен емен-жарқын сөйлесті. Репертуарынан тағы бір әнді жанды дауыста шырқап берді. Кэтрин Майер жобаның талабын толық орындап жеңіске жетті. Бас жүлдені облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Қазез табыстап, барлық өнерпаздарға шексіз ризашылығын білдірді.

blank

«Байқауда шығармашылық қабілеттен бөлек, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне басымдық берілді. Бұл талап жас өркеннің қазақ тілін үйренуге деген ынтасын оятады деп сенеміз. Бүгін 4,5-сынып оқушылары келіп өнер көрсетті. Жарайсыздар! Байқау сіздер секілді балғындарды қанаттандырады», – деді Қайрат Қазез.

blank

blank

 

Іс-шара соңында жүлдегерлер мен белсенді қатысушыларға және олардың жетекші ұстаздарына дипломдар мен Алғыс хаттар табысталды. Ал жеңімпазға 100 мың теңге ақшалай сыйлық пен «Мың бала» жобасының республикалық кезеңіне жолдама ұсынылды. Қазылар алқасының мүшесі, Ы.Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспанов Жангелдин ауданының өнерпазы Данияр Ибраевқа музей атынан 35 мың теңге сыйлап, азаматтық танытты. «Қостанай» телеарнасының директоры Заңғар Санай «Ер тұран» күйін тартқан ҚӨУ-дің 1-курс студенті Софья Поляковға телеарна атынан 35 мың теңге ақшалай сыйлық беріп, мәрттік жасады.

blank

Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ