Қазақстандық инфрақұрылымдық девелопер SEMURG INVEST және MSC Group жаһандық көлік алыбының құрамына кіретін логистикалық оператор MEDLOG стратегиялық серіктестік орнатқанын жариялады.
Ынтымақтастық Шығыс–Батыс бағыты бойынша көлік байланысын нығайтуға және Орталық Азиядан Түркия мен Еуропаға экспорттық ағындарды әртараптандыруға бағытталған.
Жоба 2026 жылғы маусымда Брюссельде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың MSC аға вице-президенті Эдуард Сигристпен кездесуі және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қолдауы нәтижесінде практикалық кезеңге өтті. Кездесу барысында контейнерлендіру деңгейін арттыру, Орта дәлізді дамыту, Құрық портының мүмкіндіктерін пайдалану, сондай-ақ MSC компаниясының Қазақстандағы қатысуын одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Орта дәлізді Қазақстан үшін стратегиялық басымдық деп атаған болатын.
Осы міндеттерді іске асыру аясында серіктестер Sarzha Logistics компаниясын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағындағы стратегиялық логистикалық платформа және контейнерлік жүк ағындарының операторы ретінде дамытуды көздеп отыр. Жоба SEMURG-тің жергілікті инфрақұрылымын MEDLOG-тың халықаралық логистикалық желісімен біріктіреді. Ынтымақтастық бағыты Орта дәлізді дамыту, контейнерлендіру деңгейін арттыру, сондай-ақ off-dock терминалдарын, құрғақ порттарды, теміржол және интермодальды инфрақұрылымды пайдалануды қамтиды.
Серіктестіктің негізін Каспий теңізіндегі Құрық портында орналасқан SEMURG инфрақұрылымдық активтері құрайды. Sarzha Каспий кластерін дамыту жылына 5 млн тоннаға дейін қосымша жүк өңдеу қуатын құруды көздейді. Оның ішінде контейнерлік қуаттар жылына 110 мың TEU-ға дейін жетеді.
«SEMURG INVEST» ЖШС Бас директоры Нұржан Марабаев:
«Қазіргі кезеңдегі маңызды үрдістердің бірі – халықаралық операторлар мен инвесторлардың Қазақстандағы ұзақ мерзімді қатысуын кеңейтуі. Бұл үрдіс инвестициялық саясатқа және инвесторлардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетіктеріне деген жоғары сенімді көрсетеді. Сонымен қатар, ол отандық жеке бизнестің сапалық тұрғыдан өсіп, кемелдене түскенін айғақтайды. Брюссельде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен MSC Group басшылығы арасындағы диалогтың нәтижесінде ынтымақтастығымыздың практикалық кезеңге өтіп жатқанына қуаныштымыз. Бұл – Қазақстанға деген сенімнің тағы бір белгісі және халықаралық әрі жергілікті серіктестердің бәсекеге қабілетті бизнесті бірлесіп құра алатынын растайды», – деді.
Өз кезегінде, MEDLOG қазақстандық бағыттарды жыл сайын шамамен 10 млн TEU өңдейтін 470-тен астам логистикалық нысанды қамтитын өзінің халықаралық желісіне біріктіреді. Ал бас компания MSC-тің кең ауқымды желісі өңірді әлемнің 155 еліндегі 520 портпен байланыстырады.
MEDLOG Poti LLC басқарушы директоры Мухран Деканадзе:
«Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы сауда жеткізу тізбектерінде, сондай-ақ өңірлік логистикада барған сайын маңызды рөлге ие болып келеді. Осы серіктестіктің арқасында Орталық Азияны Каспий теңізі мен Грузия арқылы Түркиямен, Еуропамен және біздің жаһандық желімізбен байланыстыратын жаңа контейнерлік және мультимодальды тасымалдарды дамытуға мүмкіндік алдық», – деді.
Бұл серіктестіктің іске қосылуы Еуразияның логистикалық картасын трансформациялау жолындағы маңызды кезеңді білдіреді. Қазақстанның Каспийдегі ауқымды порт инфрақұрылымы мен MSC Group-тың жаһандық логистикалық мүмкіндіктерінің синергиясы Орталық Азия экспорттаушылары үшін әлемдік нарықтарға шығатын баламалы маршруттарды қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның Еуразия құрлығындағы негізгі әрі сенімді транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін институционалды тұрғыда нығайтады.
