Мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу күшейтіледі

Мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу күшейтіледі

Бұл жайында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында айтылды.

Сегіз айдың қорытындысы бойынша өңірде ондай  қылмыстардың саны 18,3%-ға төмендеген.

«Жол-көлік оқиғаларынан жарақат алғандар саны да 6,4%-ға төмендеп, 1 184-тен 1 108 адамға дейін қысқарды. Қаза тапқандар саны 4%-ға азайып, 50-ден 48 адамға дейін төмендеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында 2ГИС картасында ескертулер орналастыру да оң нәтиже көрсетіп отыр. Бұған дейін анықталған 12 авариялық-қауіпті учаскеде жеті ай ішінде жол-көлік оқиғаларының саны 37%-ға азайған. Яғни, аталған учаскелердегі ЖКО саны 27-ден 17-ге дейін төмендеді», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Сонымен бірге азаматтарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына қайта орналастырғаннан кейін медициналық сүйемелдеуді күшейту қажеттігін айтты. Аудандарда психиатр-дәрігерлер мен наркологтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ алкоголь өнімдерін сату талаптарын бірнеше рет бұзатын сауда нысандарына ерекше назар аудару және заңнамада көзделген шараларды қолдану міндеттелді.

Облыс әкімдігі жанындағы «Заң және Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі Комиссия отырысының қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Отырыста қалалар мен аудандар әкімдеріне полициямен бірлесіп, жекелеген аумақтарда жол-көлік оқиғаларына әкелетін себептердің өсу динамикасын талдау тапсырылды. Аса қауіпті учаскелерді анықтап, жаяу жүргіншілер өткелдерінің орналасу қауіпсіздігін бағалау, автобустар мен шұғыл қызмет көліктерін жылдамдықты бақылау жүйелерімен жарақтандыру мәселесін қарастыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдау міндеттелді.