Батамен басталған жеңіс жолы

Батамен басталған жеңіс жолы

Қостанайдың Ақтөбедей жерінен шыққан Би-ағаның ауылдасы Ақтөбеде топ жарды. Бейімбет Майлин ауданыны Ерғалиев жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Ерқанат Ниязбек бесінші ауыл жасөспірімдер ойындарында тоғызқұмалақтан жеңімпаз атанды.

Бұл – Ерқанаттың республикалық деңгейдегі алғашқы жеңісі емес. Елордада өткен мектеп лигалары арасындағы жарыста да топ жарған. Арада екі жыл өткен соң, сол жетістігін тағы қайталады. Осылайша жас спортшының жұлдызы үшінші рет жанып отыр.

Бір қызығы, Ерқанаттың алғашқы таңдауы тоғызқұмалақ болмаған.

– Бұл күндер ешқашан ұмытылмайды. Ерқанат бесінші сыныпта оқитын. Аудан орталығынан шамамен үш шақырым жердегі ауылдан мектепке қатынап жүретін. Бір күні сыныбына кіріп, балаларды тоғызқұмалақ үйірмесіне шақыра бастадым. Оқушылардың басын қосып, түрлі жарыстарға апарып жүрдім. Соны көрген Ерқанаттың да қызығушылығы оянды, – деп еске алады ұстазы Тұралы Орынбайұлы.

Ерқанаттың жеңісті жолы осылай басталды. Үйірмеге қосылғанына небәрі екі ай болғанда-ақ жас ойыншы өз қабілетін танытты. Аудандық және облыстық жарыстарда жүлдеден түскен жоқ. Бүгінде ол жасөспірімдер арасында бес дүркін облыс, төрт дүркін республикалық жарыстардың жеңімпазы.

Жас спортшының жетістігіне ұстазы ғана емес, ата-анасы да айрықша қуанады. Бапкері Ерқанаттың әкесі Айбатырдың бір сөзін ерекше ықыласпен еске алады.

– Бір күні анадай жерде әкесі күтіп тұр екен. Қасында Ерқанат пен кішкентай бауыры бар. Ырзалықпен қолымды алды. «Балам осы үйірмеге барғалы жолы ашылды. Көзінде от пайда болды. Сіздерге зор ықыласыммен тапсырдым. Чемпион қылып шығарарсыз. Сүйегі – менікі, еті – сенікі», – дегені бар. Сол қуатты сөздер маған да ерекше жігер бергендей, – дейді аға бапкер.

Ұстаз сенімінің ақталғаны осы жолғы жарыста тағы байқалды. Облыс құрамасы жалпы есепте үздік үштіктің қатарынан көрінді. Қарабалық ауданынан барған Айару Жолдыбай күміс жүлдеге ие болды. Ал Федоров ауданынан сынға түскен Аруна Жарқынбек қола медальді еншіледі.

Ал Ерқанат үшін бұл жеңіс – кезекті жүлде ғана емес. Бұл – ұстаз сенімінің, ата-ана батасының және тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Ерқанаттың әкесі Айбатыр да Бейімбет Майлин ауданында қалам тербеп жүрген журналист. Аудандық газеттің бас редакторы. Би-аға топырағында Алаш жарысының жолын жалғап жүрген азамат бүгінде баласының жетістігіне сүйсініп, оның әр жеңісіне тілекші болып келеді.

Әкенің батасы мен ұстаздың сенімі тоғысқан жерде Ерқанаттың жеңісті жолы жалғаса бермек.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Б.Майлин ауданы