Энергетикалық және коммуналдық секторлардың ала жаздай дайындығы сыналатын кез таяды. Асқан жауапкешілікті талап ететін кезең алда тұр. Алайда мамандардың сендіруінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік сала нысандары алдағы жылу беру маусымына толық дайын. Бұл жөнінде облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Азамат Сабыржан тарқата баяндады. Оның ақпараты бойынша, барлық жылу тарату көзі қыс қытымырына тас-түйін әзір болып отыр.
«Төрт жылу-энергетика орталығы, 114 қазандық маусымға сақадай сай. Барлық 698 автономды жылу беру жүйесі дайындалды. Үш мыңнан асатын көп пәтерлі үй, 586 білім беру, 389 денсаулық сақтау мекемесі және 466 әлеуметтік нысан толығымен әзір. Жоспарға алынған отыз шақырымнан асатын жылу желісі, 13 км-ге жуық су құбыры жөнделіп болды», – деді басқарма басшысы.
Биыл бұл шараға 19,1 млрд теңге бөлінген. Оның көп бөлігі желілердің, қазандықтардың күрделі жөндеміне жұмсалды. Нәтижесінде жылу желілерінің тозығы 43%-ға дейін төмендеді. Қазір Арқалық, Б.Майлин, Меңдіқара, Ұзынкөл және Әулиекөл ауданының Құсмұрын елді мекенінде гидравликалық сынақ жүргізіліп жатыр. Ол желілердің ақаулы тұстарын дер шағында анықтауға мүмкіндік береді.
«Тағы бір маңызды мәселе – энергетикалық кәсіпорындардың күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындық паспорттарын уақтылы ресімдеуі. Бүгінде көпшілігі тиісті жұмыстарды жүргізді. Алайда жекелеген кәсіпорындар рәсімдеуді жылдам аяқтап, eLicense.kz электрондық лицензиялау порталы арқылы өтінімдер беруі қажет. Талап бойынша, 30 қыркүйектен кешіктірілмеуі қажет. Аудан-қала әкімдері энергетикалық кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, белгіленген мерзімнің бұзылуына жол бермеуі керек», – деген ескерту айта кетті Азамат Сабыржан.
Тағы бір маңызды міндет – облысты қатты отынмен қамтамасыз ету. Алдағы жылу беру маусымына 407,1 мың тонна көмір қажет. Ал соңғы мәлімет бойынша, әзірге 298,8 мың тонна көмір әзірленген. Оның ішінде облыс тұрғындарына керекті 223 мың тонна қатты отынның 81,5%-ы жеткізіліпті. Ал көмір тоннасы маркасына және аймағына байланысты 16,7-ден 26 мың теңге болады делініп отыр. Қазіргі мақсат – жапсарлас жүріп жатқан орақ маусымын ескере отырып, көмір жетіспеушілігіне, халық ішінде сұраныс дүрбелеңіне жол бермеу. Сол үшін қала-аудан әкімдері көмір операторларымен тізе қосып, жергілікті жерде тұйықтар мен қоймаларда отынның жеткілікті қорын қамсыздандыруы шарт. Сондай-ақ оны жеткізу құны да жіті қадағаланып, көлік қызметі бағасының негізсіз өспеуіне қатаң бақылау жасалуы керек.
«Кезекті бір өзекті түйткіл – жылу беру маусымында қазандықтарды, желілерді ешқандай ақаусыз пайдалану. Осыған байланысты барлық қауіпсіздік техникасын, еңбек иструктажын ескеретін шаралар өткізілуі қажет. Құрылғыларды іске қосуға арнаулы дайындықтан өткен маман ғана жіберілуге тиіс. Штаттан тыс және авариялық жағдайлар бола қалғанда жұмысшылардың жедел әрекет ету әзірлігіне де ерекше көңіл бөлінуі керек. Осының бәрі әзірден-ақ бақылауда деп ойлаймын», – деді басқарма басшысы.
Пеш жағып отырған тұрғындардың қауіпсіздігі де қаперде ұсталуы қажет. Өңір басшысының тапсырмасымен жыл сайын мың шақты улы газ датчигі орнатылады. Биыл мұндай 1234 құрылғы орнату қажеттігі туындапты. Ал оны әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың үйіне түгелдей орнатып шығуға аптадан кем уақыт қалып отыр.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
