Өмірдің өзінен оқиға тауып, күнделікті тіршіліктен кейіпкер жасап, қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды өткір әзілмен түйрей білген қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, сатирик-журналист Ғұмар Ғарифоллаұлы Ахметчиннің туғанына 85 жыл.
Осыған орай облыстық кітапхана залында «Өмірді әзілмен өрген сатирик» атты еске алу кеші өтіп, қаламгердің көзін көрген замандастары оның азаматтық болмысы мен шығармашылығы жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Ал кейінгі буын өкілдері сатириктің шығармаларын оқып, қаламгер мұрасын кеңінен танытты.

Ғұмар Ахметчиннің шығармашылық жолы Қостанай өңірінің баспасөз тарихымен тығыз сабақтас. Ол ұзақ жылдар бойы қазақ журналистикасының дамуына елеулі үлес қосып, қаламгерлік ортада да өзіндік із қалдырды. 1941 жылдың 8 қыркүйегінде Ресейдің Златоуст қаласында дүниеге келген. Балалық шағы мен жастық кезеңі Қостанай өңірімен тығыз байланысты болды. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, кәсіби журналистика жолына қадам басты. 1966 жылдан бастап қаламгердің еңбек жолы «Қостанай таңы» газетімен тығыз байланыста өрілді. Басылымда бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бас редактор секілді жауапты қызметтерді атқарды. Кейін облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып, мемлекеттік қызмет пен бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы байланысты нығайтуға еңбек сіңірді. Кейін Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалын басқарып, өңірдегі әдеби үдерістің дамуына да өз үлесін қосты. Ғұмар Ахметчин журналистика мен әдебиетті қатар алып жүрген қаламгер болды. Оның шығармаларынан заман тынысы, адам мінезі, қоғамдағы келеңсіз құбылыстар мен күнделікті тіршіліктің түрлі көріністері аңғарылады. Әсіресе сатира жанрында қалам тербеп, ащы шындықты әзілмен жеткізудің өзіндік тәсілін қалыптастырды.

Сатириктің шығармашылығына тән басты ерекшелік қарапайым өмір құбылыстарынан күлкілі әрі ойлы жағдай таба білуі. Ол адам бойындағы жалқаулық, аңғалдық, ұмытшақтық, дарақылық секілді мінездерді әзіл арқылы сынап, оқырманды өзіне сырт көзбен қарауға жетеледі. Қаламгердің «Қолды болған қораз», «Көзілдіріктің кесірі», «Көзі сынық тебен», «Ұмытшақтық зобалаңы» атты сатиралық жинақтары оқырманын таба білген.
Кеш барысында Ғұмар Ахметчиннің «Күпәштың уәдесі», «Шаш түйреуіш» сынды шығармаларын студенттер мәнерлеп оқып, көпшілікке сатириктің өзіндік қолтаңбасын танытты. Қаламгердің күнделікті тіршіліктен алынған оқиғаларды әзілге арқау етіп, адам мінезі мен қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды шебер суреттеген туындылары жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, шығармалардағы астарлы ой мен өмір шындығына назар аударылып, жас оқырмандар сатириктің шығармашылық әлеміне жақындай түсті.

Кешті ұйымдастырып, жүргізген кітапханашы Ботакөз Дүйсенбаева қаламгер мұрасын оқырманға кеңінен таныстыра отырып: «Осы шығармалардың толық оқиғасын білгілеріңіз келсе, Ғұмар ағаның кітаптарын алып оқыңыздар», – деп көпшілікті сатириктің шығармаларын оқуға шақырды.
Кеш аясында ұйымдастырылған кітап көрмесінде Ғұмар Ахметчиннің сатиралық жинақтарымен қатар, қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолына арналған мақалалар мен әдеби-танымдық материалдар ұсынылды. Көрмеге қойылған әрбір еңбектен сол кезеңнің тынысы, қоғамның мінезі, қаламгердің азаматтық ұстанымы мен өткір ойы көрініс тапты.
Еске алу кешінде қаламгердің адамдық болмысы мен азаматтық қасиеттері туралы оның көзін көрген, бірге қызмет еткен замандастары естеліктерін арнады. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, ақын Ақылбек Шаяхмет, Қазақстанның құрметті журналисі Оразалы Жақсанов, журналист, сатирик-жазушы Күләш Байдалы Ғұмар Ахметчинмен бірге қызмет еткен жылдарын еске алып, ағалық қамқорлығы мен азаматтық болмысын ерекше атап өтті.

Ақылбек Шаяхмет қазақ сатирасына қосқан үлесін де ерекше атап өтті. Оның «Күлдіргіштің кесірі», «Қолды болған қораз», «Күндіз жұлдыз көрінсе» секілді кітаптары сатириктің шығармашылық мұрасындағы елеулі еңбектер екенін айтты. Әсіресе «Сын семсері» атты бөлімнің облыстық газет бетінде тұрақты жарияланып, жергілікті авторлардың алғашқы шығармаларын оқырманға танытуға мүмкіндік бергенін еске алды.
«Арамызда он жас айырмашылық болса да, ол кісі маған тек аға мен әріптес қана емес, сырлас замандастай, етжақын бауырдай болып кетіп еді. «Қостанай таңы» газетінде он жыл бойы иық тіресе еңбек еткен кездеріміз, редакциядағы қызу жұмыс пен әдеби ізденістер әлі күнге дейін көз алдымда. Ғұмар аға өмірде шыншыл, ақкөңіл, ал шығармашылықта тілі өте өткір, сөзі мерген адам еді. Ара-тұра қалжыңдап: «Жұрт татардың тілі ащы дейді, татардікі емес, Ғұмардың тілі ащы» деп әзілдейтінмін»,– деді Ақылбек Шаяхмет.
Ақын Ғұмар ағаның жастарға деген жанашырлығын да айрықша ықыласпен еске алды. Жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсетіп, айтыстарды ұйымдастыруға атсалысып, кейінгі буынға бағыт-бағдар бергенін атап өтті.
«Kitap Time – 2026» фестивалі аясындағы «Өмірді әзілмен өрген сатирик» атты кеш – бір қаламгерді еске алумен ғана шектелмей, оның артында қалған мол мұраны қайта жаңғыртқан тағылымды кездесу болды. Ғұмар Ахметчиннің жарқын бейнесі, адамға деген адал көңілі, азаматтық ұстанымы мен әдебиетке сіңірген еңбегі оны таныған жандардың жүрегінде сақталары сөзсіз.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Василий Васильев
