Меңдіқара ауданына қарасты Қаратал ауылында ағайынның ауызбірлігін айғақтаған іс-шаралар өтті. Майдангерлер рухына арналған ескерткіш жаңғыртылып, ашылу рәсімі жасалды. Жастар игілігіне жаңа спорт алаңы тарту етілді. Мерекеге бергісіз оқиғалар ат бәйгесіне ұласып, жергілікті жұрт мәре-сәре болысты.
Өткенге құрмет, ертеңге өнеге
Ат төбеліндей ауылдағы көз тоқтатар жалғыз ескерткіш – екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер рухына арналып орнатылған белгі. Ол өткен ғасырдың 80-ші жылдары бой көтерді. Қан майданға аттанған қайсар ерлердің есімі жазылған тақталар әбден тозып, мүжіліп-кетіліп, тым көмескі тарта бастағалы көп болған еді. Таяуда ғана осындағы жұрт пен ауылдың жан-жақтағы тумалары қаржы қосып, ескерткішті жаңартты. 
Әу баста Жеңіс күні қарсаңында аяқтау көзделгенімен, әртүрлі себеппен оның құрылысы жазда тәмамдалды. Қараталдықтар үшін қадір-құны жоғары оқиға мерекеге бергісіз деңгейде өтті. Ескерткіштің қайта ашылуына әр тарапта жүрген тамырластар жиналып, шұрқыраса табысып, құшақтары қабысып жатты.

«Сұрапыл соғыс басталғанда біздің жұрттан 600-дей адам майданға аттаныпты. Қолға бұрын қару ұстап көрмесе де Панфилов дивизиясында ерлік көрсеткен, Мәскеуді, Ленинградты қорғаған қаһарман ауылдастарымыз қаншама. Олардың жартысына жуығы туған жерге оралмады. Ресейдің, Еуропаның әр елінде шашырап қалды. Шаһит болған аталардың есімі еш уақыт ұмытылмауға тиіс. Сондықтан бұл ескерткіш ұрпақ үшін қажет. Ал оның жаңғыртылуы – өте қуанышты жағдай», – дейді ауыл тумасы, Мәскеудегі «Мәңгілік полк» шеруіне қатысқан Төлеген Асанов.
Ескерткіштегі ардагерлер есімі де әуелгіден ұлғайтыла түскен. Бұрын соғыс даласында қаза тапқан ерлердің аты-жөні ғана жазылған болса, жаңартылған тақтада елге есен-сау оралып, еселі еңбек еткен, ақырғы деміне дейін құрметке бөленіп өткен ардақты ардагерлердің де есімі бар. Нысан қалпына келтіріліп қана қоймай, құрылымы өзгеріп, аумағы кеңейіп, алғаш рет сыртына қоршау, айналасына төсемтас салынды. Бұған жергілікті қолы епсек азаматтардың қосқан үлесі зор.
«Ескерткіштің түр-әлпеті қашқанына аздап қоңылтақсып жүретін едік. Мінекей, Қуаныш, Серікбай, Батырхан, Өтеген ағай, Самырат сияқты ауылдастар, істің адамдары қолға алып, осы істі абыроймен атқарып шықты. Біз де қал-қадірімізше үлесімізді аямадық. Расында, біз ұйымшыл ауылмыз. Бір ауыз сөзден соң бәріміз жұмыла кеттік. Ауылдастардың жинап берген ақшасы жұмсалды. Бұл өскелең буын үшін тағылымға татитын іс болды. Ауылға келгенде бас иіп, тәжім ететін жеріміз бар деп айта жүреміз. Мұндай жарқырап тұрған ескерткіш кез келген ауылда жоқ», – дейді бастамашылардың бірі Балтабай Жұмабаев.
Ауыл ақсақалдары да ауызбірлікпен атқарылған бұл шаруаны өнегелі, көшелі іске балады. Ардагерлердің көзін көріп, дәмдес болып, батасын алған кешегі жігіт ағасы, бүгінгі қариялар есті естеліктер шертті. Тұсында қара орман халқы болған, бүгінде селеудей селдіреп қалған ауылдың арғы-бергісін шолды. Бастысы, аталы салтқа берік, намысына мығым жұрттың бірлікті тірлігі қаяулы көңілге қайта қуат берді дегенді айтты қарттар.
«Мына біздің Қараталды «кіші Торғай» деп атайды. Расында да әдет-ғұрып сақтауы, қазақша сөйлеуі, қазақ мектебінің ғана жұмыс істеуі осы ауылды облыстың солтүстігінде орналасқан ерекше болмысы бар елді мекенге айналдырды. Туған жеріміз болған соң жылт еткен әр игі жаңалығына елеңдеп тұрамыз. Ескерткіштің ашылуы – кеудесін оққа тосқан, ел даңқын асырған, ауыл шаруасын көтерген кешегі қазыналы қарттардың, майдангерлердің рухына жасалған ұрпақ тағзымы. Қайда жүрсек те Қараталымызды ұмытпайық», – деді құттықтау сөзінде профессор Аманжол Ахметов.
Жиында соғыс ардагерлерінің ұрпақтары да сөз алып, бастамашы азаматтарға алғыс жаудырды. Мәселен, ақ жаулықты ана Жұпар Тұралина ескерткіштің жаңаруы ерекше қуанышқа бөлегенін тебірене айтты.
«Өлі жебемей тірі байымас» деген елміз ғой. Азаматтарымыз үлкен іс тындырды. Әйтпесе, «әкелеріміз өлді, енді оларды кім еске алсын» жүруші едік. Маған «апа, бәрі дайын болды» деп шақырғанда әкем тіріліп келгендей қатты қуандым. Мың да бір рахметімзі айтамын. Жақтарың түспей жамандық көрмеңдер, айналайындар», – деп разылығын жеткізді Жұпар апа.
Құттықтау, тілек-лебіз легі ескерткіштің лентасын қию, гүл шоқтарын қою рәсіміне ұласты. Қалың көпшілік ауыл үшін тарихи сәт саналатын оқиғадан бір белгі болсын деп, естелік суретке түсті.



Кәсіпкер тартуы – спорт алаңы
Жаңа ескерткішті тамашалаған жұрт тарқасып кетпей, мектеп маңынан бой көтерген спорт алаңының ашылуына жиналды. Бұл Қаратал жастары асыға күткен жаңалық еді. Өйткені мұндай арнаулы алаң ауылда бұрын-соңды болмаған. Мұны ауылдастарына кәсіпкер Қуаныш Таңжарықов тарту етіп отыр. Ол жаңа нысанды 18 млн теңгеге салып берген.
«Өзіміз де осы ауылдан шықтық. Осы төңіректің шаңын аспанға көтеріп, футбол ойнап жүретінбіз. Сол жер біздің жайшылықтағы спорт залымыз, күресіп-белдесетін кілеміміз де болды. Бізді жаттықтырған ағаларымыз да бүгін қасымызда жүр. Ол кісілер бізге спортпен қоса тәлім-тәрбие берді. Осы сабақтастық үзілмеуі керек қой. Басқа ауылдардан көріп, «неге Қараталға жасамасқа?» деген ойға келдік. Балаларымыз құмға аунағанша, заманауи алаңда ойнасын деген ниетпен іске асырдық», – дейді Қуаныш Таңжарықов.
Спорт алаңы үш ай ішінде салынған. Оның құрылысымен қостанайлық мердігерлер айналысыпты. Рәсім барысында жаңа нысанға демеушілік жасаған Қуаныш мырзаға және құрылысқа қол көмегін тигізген бірқатар азаматқа ауылдық округ әкімдігі атынан алғыс хат табыс етілді. Алаңның лентасын ауыл ақсақалдары қиып, одан әрі жергілікті жастар, округ командалары арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды.

Айтқандай, келесі жылғы облыстық спартакиада эстафетасын осы Меңдіқара ауданы иеленген еді. Аудан намысын әр ауылдан жиылған үздіктер қорғайтынын ескерсек, кез келген елді мекенде спорт инфрақұрылымының талапқа сай болғаны керек. Оның осындай кішігірім алаңдардан басталатыны анық.
«Әлеуметтік жауапкершілікті жете түсінетін кәсіпкерлер әр ауылдан табылып, дәл осындай алаңдар салып беріп жатса, жас ұрпақтың спортқа деген ынта-ықыласы оянар еді. Ал ол өңірдегі спорттың дамуына серпін берері сөзсіз. Жалпы, Меңдірақа ауданында бұл сала жылма-жыл ілгері басып келеді. Әсіресе ұлттық ойындарға жіті көңіл бөлініп, жақсы нәтижелерге жетіп жатырмыз. Оқушылар республикалық деңгейде көрініп жүр. Әрине, спорттың қай түрін де алға бастыруға мүдделіміз», – дейді аудандық спорт бөлімінің басшысы Рашит Сыздықбаев.
Арқа қоздырған ат бәйгесі
Іс-шаралар тізбегі бәйгеге ұласып, ағайын-жұрт ауыл шетін бетке алды. Ат жарыс облыстық емес, республикалық сипатқа ие болды. Өйткені өңірдің аудан-қалаларынан ғана емес, сонау Қарағанды мен Петропавлдан жүйріктер арнайы әкелінген.
Әуелі жиылған жұрт тай жарысты тамашалады. Жеті шақырымдық сынақ өте тартысты өтті. Делебесі қозып, ауылдастарына жанкүйер болған жұрттың үміті де ақталды. Ауылдық округке қарасты Құлшықай ауылынан қатыстырылған «Қарақат» атты жүйрік алдына қара салмай келді. Шабандозы – Бексұлтан Айтбай, ат иесі – Азат Айтбай. 2-орынды Қостанайдан келген Нұршуақ атты қылқұйрық еншіледі. Ал үшінші орын Федоров ауданынан үкілеп қосылған «Вакат» аталатын тайға бұйырды.


Ал ат жарысқа 15 жүйрік тіркеліпті. Ауыздығымен алысқан кіл жүйрік 12 шақырым қашықтыққа шапты. Шабандоздар айналым азайған сайын қамшы баса түсіп, тұяқ дүбірі үдеген сайын көрермендер де қиқуды көбейтті. Ақырында қарағандылық сәйгүлік топтан қара үзіп, мәреден бірінші болып өтті. Жеңімпазға 300 мың теңге жүлде табыс етілді. Ал 2-орын иегері 150 мың, үздік үштікті түйіндеген шабандоз 100 мың теңгемен қанжыға майлады. Айта кетейік, бәйге жүлдесін ауыл тумалары – Тобылбек, Қайрат, Оразғали Омаровтар және Қуаныш Таңжарықов тағайындаған.
Ауыл тойын атқарысқан ағайынға жергілікті мешітте ас беріліп, ата-баба рухына дұға бағыш етілді.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бейбіт Нұрмұхан
