«ӨРТЕҢГЕ ӨСКЕН КӨК ҚҰРАҚ» Сурет ашық дереккөзден алынды

«ӨРТЕҢГЕ ӨСКЕН КӨК ҚҰРАҚ»

Қ.Мырзалиев «Жазмыш» кітабында: «Ал ақындар арасындағы әулиелік бүгін ғана басталған қасиет емес. Ол баяғыдан келе жатқан қасиет» , – дей келіп, әлем ақындарының біразының көріпкел-әулиеліктерін нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетеді. Осы ақындардың қатарына Кеңшілікті де жатқызуға айғақ боларлық өлеңдері мен оқиғалар жеткілікті.

1988 жылдың күзінде қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты Шилі кеңшарында ақын Қайнекей Жармағанбетовтің туғанына 70 жыл толу мерекесі өтті. Кешті сол кездегі кеңшар директоры, ақынның етжақын туысы Кәрімжан Бекболатов ағамыз бен маған жүргізу тапсырылды. Кештің ортасынан ауа бере Кеңшілік:

–Ағайын, құрметті халайық, – деп жиналғандардың назарын өзіне аударып: – Қақаңның тойы керемет өтіп жатыр. Мұндай той кез келген жерде өте бермейді. Ертең Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы – С.О.) ақталғанда да менің Жақан ағам (Сол кездегі аудан әкімі – Ж. Қосабайұлы – С.О.) бұдан да халық айта жүретіндей ғажайып той өткізетініне сенемін! – деді.

Бұл оның ақындығы да, батылдығы да еді. Кеңшілік айтқандай, Ахаң, Жахаң ақталып, Торғайда керемет той өтті. Басы-қасында аудан әкімі Жақан Қосабаев жүрді.

Қатар өскен жігіттер Кеңшілікпен кейде келісіп, кейде керісіп жүрсе де майталман ақындығын мойындайтын. Ол біреулердің қолпаштауымен немесе үгіт-насихатымен емес, өлмес, өршіл өлеңдерімен мойындатып кетті. Оның бар болмысының өзі поэзия, іңкәрі өлең болатын. Мағжан Жұмабаев ақталмай тұрып ұлының атын Мағжан қоюы да жыр әлеміне ерекше ынтықтығы емес пе?!

Қолымда Кеңшіліктің 1961 жылы қыркүйектің жиырма екісі күні бастап жазған кішкене қойын дәптері. Одан он бес жасарбаланың жүрек лүпiлi, аппақарманысезiледi. Алғашқы махаббаты да iзтастапүлгерiптi. Көзалдыма«Қадырдан (ҚадырМырзалиевтен) хат алдым» депқуаныпжүретiнтолқындысарышашты бала келеқалды, ақшақұмдыАқшығанақауылы, Торғай, Тосынелестедi. Топырағыңнеткенқұнарлыедi, Торғай! Кiшкенедәптердiңсарғышбеттерiнеүңiлетүстiм. Кеңшiлiккүбiрлеп тұрғандай. Аяғын жаңа басқан сәбидей жырлар еркелеп, сонаубiр күндерге жетелейдi:

«Шоқысын сонау күн сүйiп,

«Қарсақ» шың маңғаз – бiр талғар.

Қарт «Қарой» жатыр күрсiнiп,

Тәттi ойлар баурап  бұл таңдар.

Топырағың – торқа, далаң – гүл,

Қыз-Тосын сенде кiл көктем.

Торғайым толы жаран-жыр,

Ақынның елi бұл неткен?!

О, туған жер, жырымсың!»

Он бес жасар Кеңшiлiк туған жер туралы осылай тебiренедi. «Қарт «Қарой» жатыр күрсiнiп» деген жолы қандай әдемi?! Бейнелi айтылған.

Қара сөздерiнен де қарымдылығы, алымдылығы аңғарылады. Сөйлемдерi арманға, болашаққа деген сенiмге, талпынысқа толы.

«Бұл блокнот өз шығармаларыма, сонымен бiрге мектептегi қызықты күндер келбетiне, өмiр тәжiрибелерi мен достық дарқандығы жайында, қызықтар мен «адам жанының инженерлерiнiң» асылдарынан үзiндiлер жазу үшiн арналса абзал емес пе?! Жастық шақтағы сан iстер ертең өрге өрмелеп шал болғанда жастық шақ көз алдыңа осы блокноттан елес бермей ме?! Сонда мен жастықты, «шiркiн, жастықты» еске алмаймын ба?! Сонда мен тай-құлындай тебiсе өскен достар Серiктi, Кәдiрдi, Талғатты, Ерболат, Нағымжандарды көз алдыма елестетпеймiн бе?! Сонда мен олардың өмiр-тағдырларын өз өмiр оқиғаларыма қосып, өмiр тәжiрибесiне көз жiбермеймiн бе?! Сонда тұрып:

«Жиырма бес, отыз бес пен, қайран, он бес,

Үшеуi үш күн қонған қонақ екен…»

деп бiр әндете келiп, ырғақпен артынша айтып өтпеймiн бе тағы мына бiр жолдарды:

«Дүниеде жастық қызық, жастық опық,

Қызбалық дегiзбей ме басты құдаң».

Ой мен қиял теңiзiне жүзбеймiн бе?! Сонда тұрып шалалыққа өкiнiп, көңiл толар iске күлмеймiн бе? Сонда бұл блокнот қадiрлi, ең қымбаттың бiрi, нағыз ескерткiш емес пе?! 1961. 22 сентябрь». (Қолы)

Иә, «сонда мен жастықты еске алмаймын ба?» деп өзi жазғандай, алғашқы жинағында-ақ сол жастықты тебiрене жырлаған жоқ па?!

«Өлара мезгiл…

Он алты жаста едiк бiз,

Өлара өтсе, өруге жүрген елiкпiз.

Сансыз табандар сарсылған дүние, сенi бiз

Тауыса алмаспыз, «армансыз кезсек» дедiк бiз.

Жалғыз да жарым жарытпай жайық жапанға,

Тұяғы барлар туған соң тыныш жатар ма!

Қырық құбылып құралай ертең өткен соң

Құлындай ойнап шығамыз бiз де сапарға.

…Өлара мезгiл…

Өтсе ғой ендi тезiрек,

Жолыңды ашты жаңа бiр маусым кезi кеп,

Безiнiп тумай, сезiнiп туып барлығын,

Бүлкiлдеп тұрған бiр «пәле» екенсiң, о, жүрек!»

 

Сол «Iңкәр дүние» атты тұңғышындағы мына бiр шумақтар ше?!

 

«Он бестен он алтыға жеткен кезiм,

Өндiрдей өлкем де өзiм, көктем де өзiм.

Жүйткiген жүйрiк сезiм – көкпек желiм,

Масаты мақпал майса көк пен жерiм!

Сағымды көкжиекке дала күрмеп,

Жапырақ жанданады самал үрлеп.

Жапырақ шайқалғанда, саусағымен

Шертедi шабытымның шанағын кеп…»

Шынында да сонау бiр балғын шаққа бастап, балдай сезiм ұялатпай ма көңiлге?! Дыбыс үндестiгiн (аллитерация, ассонанс) қалай ұтымды пайдаланған?! Өлеңде әдемi сурет, жанды баурар жылылық, тапқырлық бар. «Көкжиектi сағым көрсетпей тұр» десе жай қарапайым қара сөз болып қалар едi. «Сағымды көкжиекке дала күрмеп» деп бейнелей, бедерлей жазады ақын. Шынайы поэзия осындай болса керек! Сөздi ойната, сөзбен сурет сала бiлетiн сезiмтал ақын тапқырлық жасаған. Ол жансыздың бәрiне жан бiтiрiп, тiлсiз әлемдi сөйлетедi. Бұл шынайы таланттың, сол құдай берген талантты ұштай бiлудiң нәтижесi. Тағы да өлеңдерi әлi шала, бала Кеңшiлiктiң өлеңдерiн оқиықшы:

«Алқынған жүрек сырын сеземiсiң,

Махаббат мазағына төземiсiң?

Әлде сен жүрегiмдi жүйкелетiп,

Жат кеуде жалтырында жүземiсiң?»

Немесе:

«Қарағым, жүрек сырын бермей,

Бақшаңнан махаббатым гүлiн көрмей,

Соғады, жүрек әсте тоқтамайды,

Кеудеме жыр ойнатып, тыным көрмей».

«Махаббат мазағына», «жүрегiмдi жүйкелетiп, жат кеуде жалтырында жүземiсiң» деген жолдардағы «мм», «жжжжж» болып қайталанып тұрған сөздер қалай үндеседi?! Бұл өлеңдер 1962 жылы Кеңшiлiктiң он алты жасында жазылған. Сол кездiң өзiнде бозбала ақын дыбыс үндестiгiн, сөз сиқырын аңғара бiлген, өлеңдерiнде қолданған. Ана сүтiмен келген ақындық бұл!

Кеңшiлiк жастық туралы көп жазған ақын. Жастық шақтың келте екенiн аңғарған ол ғұмырдың да қамшының сабындай қысқалығын сезiнген сияқты. Өмiрге құштар жан жастық дәуреннiң әр күнiн, әр минутын қимай, сол кездiң өзiнде былайша сыр толғапты-ау:

«Жастықтың жалын жылдары-ай. Жастықтың албырт, аңғал күндерi-ай. Шiркiн, жастық, адам өмiрiнiң ұмытылмас, майталман шақтары. Қайран жастық! Өтесiң де кетесiң. Мың күнiң бiр күндей ағынды. Әр минутың арманды. Қайран жастық!

«Көңiлдi көктем етiп,

Жүректi өктем етiп»,

шоқы-биiк боласың да өтесiң. Шiркiн, сендегi қызықтың қырманы-ай! Сендегi асылдықтың арманы-ай. Сөйтiп жүрекке әмiршi боласың да өтесiң.

Мың күнiң минуттай өтедi де кетедi. Қайран жастық! Соңыңнан жанды қуғызып жеткiзбейсiң, желаяқ! Шiркiн жастық! Талаймен қош айтысып, зымырай өтесiң. Судан жалақ алған, қайран жастық!»

Ұйқасы жоқ демесеңiз, өлең ғой бұл! Ақ өлең. «Ақ өлең дейтін көркемсөз ұйқасқа емес, ырғаққа, лепке, ритмге құрылады. Оған ұйқастың себі де жоқ, зияны да жоқ» (Мүсірепов Ғ.). Арманшыл бозбаланың iшiне сыймай, сыртқа шыққан жалыны бұл! Ақын өлеңге барар жолда тiл ұстарту үшiн әдейi жазған ба деп те ойлап қаласың. Қалай болғанда да қаражаяу адамның тiрлiгi емес. Шынында да бозбаланың осы бiр лепті, ырғақты жолдары кейiн өлең жолдарына айналып, өлмес дүние болып қалған жоқ па?!

«…Балалық тәттi елес қой, тәттi түс қой,

(Түс екеш түстiң өзi қақтығыс қой)

Балалық – бейкүнә сүт, перiште сүт,

Алғашқы және ақырғы ақтық iс қой.

Аңғармай алақаннан шашып алған

Бiр уыс балалығың ақ күмiс қой…»

Сол сияқты:

«Пендеге бiткен дүние,

Байлық па, бақ па, бәрiбiр,

Көзiңнен бiр күн ұшады –

Тағдырдың берiк заңы бұл».

Әйтпесе:

«…Көзiң жетер, көзiң жетер бiр күнi

Өзiңе өзiң жеткiзбейдi тiрлiгiң.

Жүйрiк-тiрлiк!

Ұрпағыма iлiксiн тек шылбырың!»

Кеңшiлiк өлеңдi өмiр, өмiрдi өлең деп бiлетiн. Ол поэзияға жан-тәнiмен ғашық едi!

Екеумiз 1964 жылы Алматыға қазiргi әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттiк университетiне оқуға келдiк. Бiрге отырып шығарма жаздық. «Шығарманы өлеңмен жазбаңдар» деген оқытушылардың ескертпелерiне қарамай, Кеңшiлiк шығармасын өлеңмен жазды. Сосын шығармасының соңына «құласам өлеңнен құлайын!» деп, қолын қойды… Сол жазған дүниесiн тауып алып, ендi оқып көрсе ғой деймiн, шiркiн… Сол кезде шығармасын тексергендер қалай түсiнбедi екен? «Құласам өлеңнен құлайын!» деген бiр сөзi үшiн-ақ жоғары баға қойып жiберуге болар едi ғой!..

«Адамда не көп, ой көп. Ұшан-теңiз, кеме болып жүзе берсең, шегiне жету қиын-ақ,–деп жазады Кеңшiлiк тағы да мына қойын дәптерiнде. – Сол ойлар мен үмiттер кейде сенiммен қоян-қолтықтасып, арман асуларын құрайды ғой. Сол армандар әсерi жаныңды тербетiп, шыңына шығатын қанат беруi де ықтимал. Көптен берi көкейде жүрген ойлар едi… арманға айналғандай. Сол жайында түрте кетудi жөн санасам.

Тiлерiң де тiлегiң де көп, жүрек. Жазармын әлi, ауылым, шiркiн, жастық жылдарым! 1962 жыл. 1 январь.».

Ақын бала осылай өзiмен өзi сырласып, ақ қағаз бетiне аппақ арманын тiзiптi. Қайран, «Iңкәр дүние-ай» десеңшi! Кеңшiлiк сол ынтығына қол жеткiзiп, артына асыл мұра қалдыра бiлдi. «Iңкәр дүние», «Дүбiрлi дәурен», «Көктем көкжиегi», «Сәруәр», «Революция перзентттерi», «Замандас сыры», «Ауыл мен астана», «Қасиеттi қас қағым», «Балалық шақ балладалары», «Дәуiр дастан» секiлдi жинақтары оқушылар көңiлiнен шығып соны биiктерге көтердi. Әттең, дүние-ай, шығар биiгi әлi алда едi… Өкiнгенмен бола ма, шара бар ма тағдырға?!

«…Кiмде жоқ дейсiң өкiнiш,

Мүмкiн, кейiндеу бармақ тiстермiн.

Мүмкiн мен-дағы басты шайқармын,

Шаштым, төгiлдiм, шайқалдым,

«Өмiр сүрдiм!» деп айтармын!»–

деп өзi жазғандай, ол шынында да өмiр сүрдi! Өйткенi айтарын бүкпесiз айта алған ақын өмiр сүредi де!

К.Мырзабеков Қостанай облыстық «Коммунизм таңы», Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, «Парасат» журналында қызмет істеді. Оның публицистикалық шығармалары да өлеңдей өріліп, өнер туындысына айналып кететін.Ақын – қарасөзде де ақын. Ол өз алдына бір әңгіме…

 

                                                                          Серікбай ОСПАНҰЛЫ,

                                                              Қазақстанның Құрметті Жазушысы,

                                      Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты