Қазақстан экономикасына инвестиция тартудың жаңа мүмкіндігі пайда болмақ. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық активтер нарығын дамытудың жаңа кезеңіне көшіп, нақты активтерді токенизациялау тетігін кеңінен пайдалануды тапсырды.
Оның айтуынша, Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамытуға қажетті негізгі жағдайлар қазірдің өзінде жасалған. Ендігі маңызды міндет — инвестициялар мен озық технологияларды тартуға мүмкіндік беретін толыққанды цифрлық экожүйе қалыптастыру.
«Мемлекет басшысы еліміздің технологиялық жаңғыруына қатысты маңызды міндеттер қойды. Цифрлық активтер саласы Қазақстан экономикасында мүлдем жаңа бағыт болып отыр. Оның дамуына қажетті негізгі жағдайлардың бәрі жасалды. Енді толыққанды экожүйені қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр. Яғни, бұл инвестициялар мен жаңа технологияларды тартып, отандық қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды», — деді Олжас Бектенов.
