Қазағымның жұлдызы маңдайдағы

Қазағымның жұлдызы маңдайдағы

Кәмшат… Өткен ғасырдың 70-80 жылдары әр қазаққа шуақтай жылы естілген есім бұл. Өмірінің өрнегін еңбекпен зерлеген апамның мейірлі де мерейлі жүзін баспасөз беттерінен көріп, сүйсіне де сүйіне білген ұрпақ едік біз.

Апаның өмірін өнеге етіп, еңбек жолына еліктеп, сол замандағы саяси ұранға ұйыған талай қыздар  «тракторшы қарындас» атанды. Бірақ кәусар мінез, тұлпардай табанды еңбек иесі тек Кәмшат апа болып шықты.

Алқалы жиындарда жанына баруға да бата алмай, сыртынан сүйсініп, алыстан аңдап қана жүрген апамен бетпе-бет жүздесіп, танысу-табысудың да сәті түсті-ау. «Елмен елді табыстырған қыз әулие» деген рас. Камшат апамның ауылынан кіші ұлымыз Аян шаңырағымызға келін түсірді. Келініміз Назгүлдің анасы, құдағиым Несібелді Кәмшат апаның руласы болып шықты. Екеуі балдәурен балалық шағы мен бойжеткен бұла кездерін бірге өткізген екен. Әрі бір елге келін болып түсіпті. Алғашқы ашық –жарқын амандық сұрасудан кейін-ақ, Кәмшат апа менің өнер жолымды әрдайым қадағалап жүргенін, өзінің де менімен жақын танысуды ойлап жүргенін айтты.

Қостанай облысында айтыс  жаңғыру кезеңіне келгенде,  басы-қасында ұлттық өнердің жанашыры  Қауез Тажмакин жүрген еді. Қауез аға да менің өнеріме ризашылықпен, ерекше мейіріммен қараушы еді. «Тәмпіш әлі танытады өзін» деп әзіл-шыны аралас маған сенім жүгін артатын. Сол Қауез ағамыз Кәмшат апаның туған құдасы екен. «Кәмшат-ай, айналайын, Әсиямен жолығып, маңдайынан бір иіскеп, сүйсең ғой…» дейді екен апаға. «Сол ағаның айтқанын орындап жатырмын ғой» деді апам мені құшақтап тұрып.

Кейін Кәмшат апамен талай  сырластық. Әр  кездесуден алған әсерімді көпке дейін ұмыта алмай жүретінмін. Ең басты әсерім де, түсінгенім де Кәмшат апа – Алланың ерекше ықыласпен жаратқан тұлғасы. Ажарына ақылы, пейіліне парасаты сай аруана. Зейнетке шықса да зейінін құрғатпаған апам әрдайым қоғамдық іс-шараларға қатынасып жүрді. Жасы ұлғая келе тумысынан иман жүзді, періште пейіл апам тікелей дінге бет бұрды: намазға жығылған еді. Мұсылмандық бес парыздың бас парызы қажылық сапарға барып, қажы ана атанды. «Айналайын,  Әсия. Нәсіп етсе, сізге де барар жол түсер. Мен өзім барғанда ислам дініне деген ықыластың қандай ғажап екенін көріп, таң болдым. Теңіздей толқып жылжып келе жатқан көптің алдында сүрініп кетуден қорқып, Қағбаны  айнала  бергенімде бір тосын жел басымдағы орамалымды ұшырып алып кетті. Ой, Алла-ай! «Не күнәм бар еді, не жаздым?» деп қос қолыммен төбемді жауып жылап жібердім. Тұруға шама жоқ, жылай жүре беріп, екінші айналғанда орамалым басыма келіп қонды» деп Кәмшат апам толқи отыра, басынан өткен осы жәйтті әңгімеледі. Ғажап! Басқа сөз түспейді ауызға. Алланың асыл перзенті болмаса дәл мұндай ғажап екінің бірімен болмас-ты…

Кәмшат апа маған  «сіз» деп сөйлейтін. «Апа , маған сіз демеңізші. Мен кіммін сіздің қасыңызда? Қысыламын», – дегем.  Апам: «Жоқ, олай демеңіз. Сіз тегін адам емессіз. Тәңір таңбалаған пендесіз ғой», -дейтін.

Шіркін,  Кәмшат апам!

Абыройын асқақтатып, атағын аспандатқан, бойынан биік доңғалағы бар «К-700» тракторға жармаса мініп, доптай секіріп түсіп жүрген күндер ізсіз өтпеген екен. Апаның аяқтары қатты ауырған бір кездері емді бір дәрігерден алып жүрдік. Сол кезде де апаның талай  тұшымды, тағылымды әнгімелерін тыңдау бақытына ие болдым. Әңгімелескен сайын құмарлана тыңдаушы  едім. Апа өмірінің әр түрлі кезеңіндегі елеулі оқиғаларды еске алып, бірде күліп, бірде сараптап, бүгінгі күнмен салыстырып әңгімелеуші еді. Әңгіменің тақырыптары өзгерсе де, апам өзгеріссіз: салиқалы сабырлы, айтар сөзін оймен өлшеп отыратындай. Кәмшат апам еңбекте Ер атанбаса, Алла оған бақ-бедел берудің басқа жолын берер еді деп ойлаймын. Кейін апам отырып қалғанда, сол кейпін көргім келмей, сондай жағдайға апаны қимай, көңілін телефонмен ғана сұрап тұрдым. Сөйтіп жүргенде асыл ападан айырылып қалдық. Бірақ қазақтың Кәмшатының бейнесі менің жүрегімде мейірімді, жылы жанарымен, көргенде көз тоймас көркімен, басындағы ақшаңқан жаулығымен сақталып қалды.

 

Жылдан күтіп, тілеп ек айдан дағы,

Ақ тілектің деген ек жайнар бағы.

Қарашаның  түнінде сөнді мәңгі

Қазағымның жұлдызы маңдайдағы.

 

Аптап қырда күнгейлі дәлізді аңсап,

Алтын дәннен ақ бұлақ ағызған шақ,

Бар әлемге танытқан қазақ қызын

Мақпал мінез, еңбекте Ер, аңыз Кәмшат.

 

Жаратты Алла бір өзін дара ғып тым,

Салмағына қайыспас дара жүктің.

Кәмшат өтіп өмірден тау беделді,

Құлағандай бір шыңы даналықтың.

 

Ақыл менен ажардан құралғандай,

Бақ табымен жарқырап тұрар маңдай,

Кәмшат өтіп өмірден, парасат пен

Мейірімнің бұлағы суалғандай.

 

Сенбейін бе мен бұған, сенейін бе,

Көз жасымды жосылтып төгейін бе?!

Орны толмас асылдан айырылып,

Тірелді кеп өксігім көмейіме.

 

Қамшы-ғұмыр үзілді қас-қағымда.

Басу айтам жұртыма. Баспа мұңға:

Кәмшат өтті фәниден бақилыққа,

Жану үшін жұлдыз боп аспанымда.

…Қалу үшін тарихтың дастанында…

                                                                       

Әсия БЕРКЕНОВА,

Қазақстанның халық ақыны