Көлқамас ауылында өткен ақын, журналист, драматург Абылай Фазылханұлы Маудановтың шығармашылығына арналған «Поэзия дарабозы – Абылай Мауданов» атты әдеби-сазды кеш дәл осындай әсерлі сәтке толы болды.
Кештің алғашқы минуттарынан-ақ залда ерекше әдеби ахуал қалыптасты. Сахна төріндегі ақынның портреті, кітаптары, шығармашылық жолынан сыр шертетін фотосуреттер мен туған жері – Көкалат ауылының көріністері кештің мазмұнын айшықтай түсті. Ал залда баяу ғана тербелген қазақтың сырлы күйі көрерменді сөз өнерінің әлеміне жетелегендей әсер қалдырды.

Кеш жүргізушілері поэзияның адам жанына әсері жайында толғана отырып, бүгінгі басқосудың басты кейіпкерін таныстырды.
Ақынның әдебиеттегі алғашқы қадамы 2001 жылы «Жас Алаш» газетінде жарияланған туындысынан басталды.

Бір ғана жарияланым жас қаламгердің үлкен әдеби ортаға жолын ашты. Кейін оның өлеңдері, мақалалары, прозалық және сатиралық шығармалары республикалық басылымдарда жарық көрді.
Ал 2004 жыл Абылай Маудановтың шығармашылық жолындағы ерекше белестердің бірі болды. Ол Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде әдебиет аталымы бойынша Гран-при иеленді.
Бұл жетістік – жас ақынның талантына берілген үлкен баға еді.
Сондай-ақ ол «Бір өлең, бір әлем» республикалық жазба ақындар мүшайрасының лауреаты атанып, өзге де республикалық мүшайраларда жүлделі орындардан көрінді.
Кеш барысында осы шығармашылық белестердің барлығы ақынның еңбекқорлығы мен ізденісінің нәтижесі екені айқын аңғарылды.
Кештің маңызды бөлімдерінің бірі – ақын шығармашылығындағы ерекше туынды «Дайдидау» жырына арналды.
Абылай Маудановтың бұл еңбегі қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жарық көріп, төрт тілде оқырманға жол тартқан.
Осыдан жиырма жыл бұрын жазылған «Дайдидау» поэмасына халықтың сырлы да мұңлы әні арқау болған. Мағжан Жұмабаевқа арналған шығармада қосыла алмаған ғашықтардың арманы мен өкініші ғана емес, адам тағдыры, елдің еркіндікке деген аңсары да астасып жатыр.

Поэманың алғаш облыстық «Қостанай таңы» газетінде жарық көруі де ақынның журналистика мен әдебиетті қатар алып жүрген шығармашылық болмысының бір көрінісі.
Ал бүгін «Дайдидау» әнінің кеңінен танылып, әлемдік сахналарға шығуы – бір кезде ақын жүрегінде туған жырдың уақыт өте келе үлкен мәдени құбылысқа айналғанын көрсетеді.
Кештің ең ерекше сәттерінің бірі – қорытынды нөмір алдында жасалған арнайы хабарландыру болды.
Жүргізуші көрерменге келесі әннің сөзін бүгінгі кештің басты кейіпкері – Абылай Мауданов жазғанын атап өтті.
Сөйтіп, кештің қорытынды нөмірі ретінде Марғұлан Оспановтың әні, Абылай Маудановтың сөзіне жазылған «Тотыдайын» әні орындалды.

Әннің әуені мен ақынның сөзі астасып, кештің бүкіл мазмұнын бір арнаға тоғыстырғандай болды.
