Қазақстандық велошабандоздар Азия кубогінде жарқырады.
Таиланд астанасы Бангкокте тректегі велоспорттан ересектер мен жасөспірімдер арасындағы Азия кубогі аяқталды.
Жасөспірімдер бәсекесінде Қазақстан құрамасы 5 алтын, 3 күміс және 3 қола — барлығы 11 медаль жеңіп алды.
Аружан Қабдулова із кесу және ұпай үшін жарыстарда топ жарды. Мансұр Бралин кейринде үздік шықты. Илья Куварин жекелей спринтте жеңімпаз атанды.
Ал командалық спринтте Зейнолла Азаматұлы, Илья Куварин және Мансұр Бралин шеберліктерін дәлелдеп, Қазақстан қоржынына тағы бір алтын салды.
Күміс жүлдеге Аружан Қабдулова (скрэтч), Виталина Хоружая (ұпай үшін жарыс) және Зейнолла Азаматұлы (із кесу) ие болды.
Қола медальдарды Виталина Хоружая, Әлихан Жүнісов және Мансұр Бралин еншіледі.
11 медаль — жас спортшыларымыздың халықаралық аренадағы жарқын нәтижесі! Жеңісті жол жалғаса берсін!
