Қостанайдағы жаңа білім ордасында оқу жылы Ыбырай атаның қоңырауымен басталды

Қостанайдағы жаңа білім ордасында оқу жылы Ыбырай атаның қоңырауымен басталды

Қаладағы №31 жалпы білім беретін мектепте жаңа оқу жылы ерекше басталды. Білім күніне арналған «Ыбырай қоңырауы – болашаққа аманат» атты салтанатты жиында алғашқы қоңырау соғылып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған 192 бала білім әлеміне қадам басты.

Биыл мектепте жеті бірінші сынып ашылған. Жалпы жаңа оқу жылын №31 мектепте 1341 оқушы бастады. Оның ішінде 36 оқушы – 11-сынып түлегі.

Салтанатты шара Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Биылғы Білім күнінің Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтілді. Ұлы ағартушы бір жарым ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ баласын білімге шақырып, мектептер ашты.

blank blank blank

Бүгінде оның «Кел, балалар, оқылық!» деген ұраны жаңа білім ордаларында жалғасын тауып отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жаңа оқу жылымен құттықтап, өңірдегі білім саласының жетістіктеріне тоқталды.

blank

Оның айтуынша, биыл облыста 113 мың оқушы білім алса, оның 10,5 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Қостанайлық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 23 медаль жеңіп алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сегіз медальға көп. Республикалық жарыстарда жүлде алған оқушылар саны 39-дан 47-ге өскен. Сонымен қатар облыстың алты мектебі еліміздегі үздік олимпиадалық мектептердің қатарына енген.

Облыс әкімінің орынбасары әр жетістіктің артында оқушының еңбегімен қатар ата-ананың қолдауы мен ұстаздың қажырлы еңбегі тұрғанын атап өтті.

Өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңартуға да көңіл бөлініп отыр. 2026 жылы 113 білім беру нысанын жөндеуге 5,4 миллиард теңге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 1,2 миллиард теңге бөлінген. Жаңа оқу жылында, ең алдымен ауыл мектептерінде, 26 жаңа үлгідегі пән кабинеті ашылады. Соңғы үш жылда облыста 5860 орынға арналған тоғыз жаңа мектеп пайдалануға берілген. Оның алтауы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Жақын арада Қостанайдың «Береке» шағын ауданында 980 орынға арналған жаңа мектеп ашылады.

«Бүгінгі қоңырау ұрпақтар сабақтастығының символына айналсын – ұлт ұстазы Алтынсарин ашқан алғашқы мектептерінен заманауи білім ошақтарына дейін, ұлы ағартушының арманынан басталған балаларымыздың болашақ жетістіктерінің жалғасы болсын», – деді Бақытжан Хаберұлы.

№31 мектеп үшін биылғы оқу жылының тағы бір ерекшелігі – жеті бірінші сыныптың ашылуы. Қатысқан қонақтар қазақ дүниетанымындағы жеті санының мәніне тоқталып, жаңа сыныптарды «жеті үміт, жеті арман, келешекке басталған жеті білім жолы» деп атады. Алғашқы сынып оқушылары сахнаға шығып, мектепке алғашқы қадамдарына арналған тақпақтарын оқыды.

Балалардың өнерінен кейін залда «Бақыт» әніне флешмобы ұйымдастырылды.

Мерекелік бағдарламаның ең әсерлі сәті – «Ыбырай қоңырауы – болашаққа аманат» атты театрландырылған композиция болды. Қойылымның негізгі идеясы – бір қоңыраудың үні арқылы Ыбырайдың арманын, бүгінгі Қазақстанды және болашақ ұрпақты байланыстыру болып табылды. Салтанатты жиында бұл арманның 185 жыл бұрын дүниеге келген ұлы ағартушының мақсаты болғанын еске салды. Осы кезде сахнаға Ыбырай Алтынсариннің бейнесі шықты. Қолында қоңырауы бар ағартушы балаларға қарап, білімнің адам өміріндегі маңызы туралы тебірене айтты. Ұлы ұстаз бейнесінегі кейіпкер қоңырауды мектеп директорына табыстады.

«Ұлы ұстаз, бұл аманатты зор құрметпен, үлкен мақтанышпен қабыл аламын! Ғасырдан жеткен қоңыраудың бүгін біздің мектебімізде сыңғырлауы – біз үшін үлкен мәртебе. Ендеше, осы қоңырау «Келешек мектебінің» жаңа тарихын бастап, балаларымызды білім биігіне шақырсын! Ақ жол, жас ұрпақ!» – деді мектеп директоры.

Осыдан кейін алғашқы қоңырау соғылды. Ал бірінші сынып оқушылары үшін мектептегі алғашқы күн болса, 11-сынып оқушылары үшін бұл – соңғы оқу жылының бастауы. Солардың бірі – Бекнұр Сейітбек. Ол биыл мектеп қабырғасындағы соңғы оқу жылын бастағалы отыр. Оқушы ҰБТ-да физика-математика бағытын таңдап, болашақта педагог болуды қалайды.

«Мен «Келешек мектебінің» 11-сынып оқушысымын. Биыл біз үшін ерекше жыл, өйткені мектеп қабырғасындағы соңғы жылымыз. Қимастық сезімі бар. Сонымен қатар мектебімізде жеті бірдей бірінші сынып ашылып жатқанына қуаныштымыз. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге сәттілік тілеймін. Өзім ҰБТ-да физика-математика бағытын таңдадым. Болашақта педагог болғым келеді. Анам да педагог, қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Мен де анамның жолын қуғым келеді. Үш баланың кенжесімін», – деді Бекнұр.

Ал Айлин Кәкімжан үшін мектеп өмірі енді басталды. Бірінші сынып оқушысының ағасы да осы мектепте оқиды.

«Менің ағам да осы мектепте барады. Мен де алғаш мектеп табалдырығын аттап жатырмын. Мектебіміз жарық әрі жаңа», – деді Айлин.

Жаңа мектептің ашылуы ата-аналар үшін де ерекше оқиға болды. Ата-ана атынан сөз сөйлеген Гаухар Жақанова қазіргі мектептердің мүмкіндігін өз балалық шағымен салыстырғанда, білім беру саласындағы өзгерістердің ауқымын атап өтті.

«Жаңа мектептің табалдырығын аттап, ата-ана ретінде ерекше толқып тұрмыз. Біздің бала кезіміздегі мектептермен салыстырғанда, бүгінгі балаларымызға жасалып отырған жағдайдың өзі үлкен өзгерісті көрсетеді. Кезінде біз армандаған мектеп бүгінде балаларымыздың шындығына айналып отыр. Бұл – еліміздің дамуы мен мемлекетіміздің өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына ерекше көңіл бөліп отырғанының айқын көрінісі. Осы ретте барша ата-аналардың атынан Мемлекет басшысына алғысымызды білдіреміз. «Келешек мектептері» – жай ғана жаңа ғимарат емес, бұл балаларымызға берілген үлкен мүмкіндік, сапалы білімге бастайтын жаңа жол. Тілегіміз – балаларымыз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білімді, білікті, елінің дамуына өз үлесін қосатын азамат болып өссе екен», – деді Гаухар Жақанова.

№31 мектепте жаңа оқу жылын ұстаздық жолын енді бастаған жас мамандар да қарсы алды. Солардың бірі – Альмира Асқар Құрманғазиева. Ол университетті «Шетел тілдері» мамандығы бойынша тәмамдап, алғашқы еңбек жолын осы білім ордасында бастап отыр. Жас ұстаз үшін кәсіби қадамын №31 мектептен бастауының өзіндік мәні бар. Себебі білім ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп, оқушылардың сапалы білім алуына қажетті заманауи мүмкіндіктермен жабдықталған.

«Мен үшін ұстаздық жолымды осындай заманауи білім ордасында бастау – үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Мектепте оқушылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған. Заманауи кабинеттер мен цифрлық технологиялардан бөлек, STEM, робототехника, спорт және шығармашылықпен айналысуға арналған кеңістіктер бар. Еңбек жолымды Қазақстанның ұлы педагогі әрі ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толып отырған айтулы кезеңде бастағаным да мен үшін ерекше. Ол бар ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнады. Сондықтан мұғалімдік мамандықты таңдап, бүгін шәкірт тәрбиесіне қадам басу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Ыбырай Алтынсарин қалыптастырған ағартушылық дәстүрді қазіргі заман талабына сай жалғастыруға бар күшімді салғым келеді», – деді Альмира Асқар Құрманғазиева.

Осылайша №31 жалпы білім беретін мектептегі жаңа оқу жылы бір мезетте бірнеше адамның өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы болды.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Бірінші сынып оқушылары мектепке алғаш кірсе, 11-сынып оқушылары соңғы оқу жылына қадам басты. Ал жас мұғалім өзінің кәсіби жолын бастады. Бәрін біріктірген – алғашқы қоңырау. Бұл жолы оның үні жай ғана жаңа оқу жылының басталғанын білдірген жоқ. Қоңырау бір жарым ғасыр бұрын қазақ баласын білімге шақырған Ыбырай Алтынсариннің арманын бүгінгі «Келешек мектебіндегі» балалардың болашағымен жалғаған символға айналды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ