Жаңа оқу жылына әзірлік қалай?

Жаңа оқу жылына әзірлік қалай?

Облыс мектептері 1 қыркүйекке дайын деп айтуға болады. Қазір бұл жұмыстар аяқталуға  жақын. Білім беру ұйымдарындағы жөндеу, қауіпсіздік, оқулықпен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары әлі де пысықталып жатыр.

Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Биыл облыста білім беру нысандарын жаңартуға қомақты қаражат бағытталды. 113 нысанды жөндеуге 5,4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда төрт нысанда күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Тағы екі нысандағы негізгі жұмыстарды 25 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр», – деді Данагүл Сүйіндікова.

Ағымдағы жөндеу жұмыстары 106 нысанда жүргізілуде. Оның 68-інде жұмыстар аяқталған. Қалған 38 нысанды 30 тамызға дейін толық дайындау жоспарланған.

Білім беру ұйымдарының жылыту маусымына дайындығы да назардан тыс қалған жоқ. Облыс мектептеріне жалпы 69 674 тонна көмір қажет. Қазір оның 61 642 тоннасы, яғни 88,5 пайызы жеткізілген. Қалған отынды тамыз айының соңына дейін жеткізу көзделіп отыр. Жазғы кезеңде 26 білім беру ұйымының жылыту жүйесіне жөндеу жүргізілген. Оның 23-інде жұмыс аяқталса, үш нысандағы жөндеу оқу жылы басталғанға дейін тәмамдалмақ.

«Жаңа оқу жылында балалардың қауіпсіздігіне де ерекше мән берілген. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлініп, оның 1,4 млрд теңгесі лицензияланған күзетті ұйымдастыруға бағытталған. Терроризм тұрғысынан осал білім беру нысандарының 100 пайызы қажетті қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілді», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Биыл білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1,2 млрд теңге бағытталған. Жаңа оқу жылында, ең алдымен ауыл мектептерінде, жаңа форматтағы 26 пән кабинетін ашу жоспарланып отыр. Ал оқулық мәселесіне келсек, оқу жылы басталғанға 198 мыңнан астам оқулық тапсырыс берілген. Оларды сатып алуға және тасымалдауға 1,7 млрд теңге бөлінген. Қазір оқулықтарды тарату жұмыстары аяқталуға жақын.

«Әлеуметтік қолдау да жаңа оқу жылының маңызды бағыттарының бірі. Тегін тамақпен 43 525 бастауыш сынып оқушысы және 5-11 сыныптардағы 7 681 оқушы қамтылады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 6,8 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар жалпыға бірдей білім беру қорынан 9 717 балаға көмек көрсетуге 826 млн теңге қарастырылды. Ал «Мектепке жол» акциясы аясында қазірдің өзінде 1 388 балаға көмек көрсетілген. Жалпы акция барысында шамамен жеті мың балаға қолдау көрсету жоспарланып отыр. Біздің ортақ міндетіміз – көмекке мұқтаж бірде-бір баланың назардан тыс қалмауын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Данагүл Сүйіндікова.

Өңірдегі 33 колледжде бүгінде 22 мыңға жуық студент білім алады. Жаңа оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 6 159 орын бөлінген. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға 80 білім беру гранты қарастырылған. Гранттар педагогика, гуманитарлық бағыттар, мәдениет және денсаулық сақтау салаларын қамтиды.

Жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 4 мыңға жуық бала инклюзивті қолдаумен қамтылады. Қазір өңірде инклюзияны қолдау және психологиялық-педагогикалық түзету бағытында 48 кабинет жұмыс істейді.

Қыркүйек айында Денисов, Ұзынкөл, Бейімбет Майлин аудандарында және Рудный қаласында тағы жаңа инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады.

 

Шұға ҚОҢҚАБАЙ