Қамыстыда оқушыларға трактор жүргізуді мектеп қабырғасында үйрету жоспарланып отыр. Ауданда ашылып жатқан агросыныптар ауыл балаларына ауыл шаруашылығын тәжірибе жүзінде меңгеріп, болашақ мамандығына ерте дайындалуға мүмкіндік бермек.
Ауданда бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде басталып кеткен. 2025 жылы Алтынсарин жалпы білім беретін мектебінде Еңбек ері Борис Князевтің қолдауымен агросынып ашылды. Мұнда сабақтар нақты шаруашылықтың практикалық қызметін ескере отырып өткізіледі.

Оқушылар теориялық біліммен шектелмей, ауыл шаруашылығы өндірісінің нақты үдерістерімен танысады.
«Ауыл шаруашылығы – Қамысты ауданының негізгі экономикалық бағыттарының бірі. Сондықтан оқушыларға осы саланың ерекшеліктерін мектеп қабырғасынан бастап үйретудің маңызы зор. Агросыныптар балаларға теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға, нақты еңбек дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл жоба ауыл жастарына болашақ мамандығын ерте таңдауға жол ашады», — деді Ерлан Жаулыбаев.
Агросынып жұмысының келесі кезеңі – оқушыларды нақты біліктілікке даярлау. Белгіленген талаптарға сәйкес, 2029 жылға қарай тракторшы-машинист куәлігін алу мүмкіндігін қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Бұл бастама ауданның өзге мектептерінде де жалғасын табады. Осы жылдың 25 қазанына дейін белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылық білгірі Төремұрат Өтепов бастаған «Қайрат» ПКФ» ЖШС қолдауымен №1 жалпы білім беретін мектеп базасында жаңа агросынып ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта оны іске қосуға қажетті ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай жобалардың ауыл мектебі үшін маңызы ерекше. Себебі оқушы мамандық туралы тек теориялық тұрғыдан ақпарат алып қоймай, оның күнделікті өндірістегі орнын көреді. Шаруашылықтар мен мектептердің байланысы күшейген сайын кәсіптік бағдар беру жұмысының да нәтижелі болары анық.
Аудан басшылығы бұл бағытты одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Осыған байланысты облыстың Білім басқармасынан агросыныптарды дамытуға, оқу-әдістемелік сүйемелдеуге және оқушыларды қажетті біліктілік алуға дайындауға ұйымдастырушылық қолдау көрсету сұралып отыр.
Қамысты ауданында аграрлық білім берумен қатар, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазір ауданда 12 мектеп бар. Оның 8-і жалпы білім беретін, 4-еуі негізгі орта мектеп. Бұл білім беру ұйымдарында барлығы 1 342 оқушы білім алып жатыр.
«Мектептегі білім беруді жаңғырту» бағдарламасы аясында Красный октябрь жалпы білім беретін мектебінде 10 млн теңгеге жаңа модификациядағы химия кабинеті жабдықталды. Заманауи құралдармен қамтамасыз етілген кабинет оқушылардың зертханалық жұмыстарды тәжірибе жүзінде орындауына мүмкіндік береді.
Аудан әкімі білім сапасын арттыруда материалдық базамен қатар, оқушылардың болашақ мамандығына бағыт-бағдар беру де маңызды екенін атап өтті.
«Қазіргі мектептің міндеті – балаға тек білім беру емес, оның алған білімін өмірде қолдануына жағдай жасау. Сондықтан мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартумен бірге, оқушыларды еңбекке, кәсіпке және нақты мамандықтарға бағыттау жұмыстарын қатар алып жүруіміз қажет», – деді аудан әкімі.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Қамысты ауданы
