Міржақып Дулатұлы атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің президенті, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Рихсибай Мамедов сайлауда саяси таңдауын жасап, ел тарихындағы елеулі оқиға туралы пікір бөлісті.
Алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауында өңіріміздің белгілі тұлғалары дауыс беруде айырықша белсенділік көрсетіп, азаматтық ұстанымдары мен пікір-көзқарастарын білдіріп жатыр. Солардың қатарында Рихсибай Мамедов те бар. Ол науқанға қатысқаны және осы күннің мән-маңызы жөнінде «Фейсбук» желісіндегі парақшасында ой бөлісті. Оның айтуынша, бұл – еншісі бөлінбеген ел тұрғындарының, әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулығын, ауызбірлігін танытатын күн.
«Тарихи сәт! Дауыс бердім, таңдау жасадым! Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде, ашық әрі ұйымшылдықпен өтіп жатыр. Қостанай облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы ретінде сайлауға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымын білдіріп жатқан барша жерлесімізге шынайы алғысымды айтамын. Бұл сайлау – қоғамдағы бірлік пен өзара құрметтің, ел болашағына деген ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Еліміздің ынтымағы артып, бірлігіміз нығая берсін! Ортақ мақсат жолында әрдайым бірге болайық!» – деп жазды ол.
Рихсибай Мамедов құрылтай құрамына сайланатын азаматтарға да сәттілік тілеп, саяси додаға түскен үміткерлерге құттықтауын жолдады.
«Алдағы жұмыстарына табыс тілеп, халықтың сенімін абыроймен ақтайтынына сенім білдіремін!» – деген тілегін қосты қоғам белсендісі.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Грузиядан келген халықаралық байқаушы алғашқы Құрылтай сайлауының ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалағаны туралы жазған едік.
