«Қоғамның әділетті дамуына жол ашатын Құрылтай құрылса екен деген ниетпен дауыс бердім»

«Қоғамның әділетті дамуына жол ашатын Құрылтай құрылса екен деген ниетпен дауыс бердім»

Қостанайда ел өміріндегі маңызды саяси науқанға өнер және мәдениет саласының өкілдері де белсенді қатысып жатыр. Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова жұбайы Табылды ағамен бірге Жастар сарайында орналасқан №857 сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады.

Дауыс беру рәсімінен кейін халық ақыны еліміздің қазіргі даму бағыты мен алдағы саяси өзгерістерге қатысты ойын білдірді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлем елдерімен қарым-қатынас орнатудағы, халықаралық мәселелерді реттеудегі сабырлы әрі салиқалы ұстанымының арқасында Қазақстанның әлемдік деңгейдегі беделі артып келе жатқанына күн сайын куә болып отырмыз. Енді осы беделді одан әрі нығайту үшін, Жаңа Қазақстанды құру реформаларын жүзеге асыру үшін мықты Парламент, яғни мықты Құрылтай керек деп ойлаймын, – деді Әсия Беркенова.

Ақынның пікірінше, жаңа Құрылтай елдің әлеуметтік-саяси өміріне қажетті, демократиялық әрі әділетті қоғам құруға бағытталған заң жобаларын әзірлеуге басымдық беруі тиіс.

– Ондай заң жобаларын әзірлеп, ел мүддесіне қызмет ететін шешімдер қабылдау үшін ұлтының емес, ұртының қамын ғана ойламайтын, білімі мен біліктілігі мол, отаншыл, өз ісінің маманы, елге жаны ашитын азаматтар депутат болуы керек. Сайлауалды кезеңде әр партияда елге жанашыр адамдар бар екені сөздерінен байқалады. Бірақ сөз бен істің арасы жер мен көктей. Бір нәрсені армандау, «осыны жасасам екен» деп ойлау бір бөлек те, оны жүзеге асырудың нақты жолын, алгоритмін білу және сол істі соңына дейін жеткізе алу – мүлде басқа мәселе. Сондықтан іске бейімі бар, іскер, білікті азаматтар керек, – деді халық ақыны.

Оның айтуынша, Құрылтайдың негізгі міндеттерінің бірі – қоғамның көкейкесті мәселелерін шешуге бағытталған сапалы заңнамалық бастамаларды қалыптастыру.

blank

Әсия Беркенова «Жаңа Қазақстан», «Таза Қазақстан» ұғымдарының мәнін тек қоршаған ортаның тазалығымен шектемеу керектігін де тілге тиек етті.

– Таза Қазақстан дегеніміз – табиғаты ғана таза ел емес. Ар-ожданы таза, әділетті, халықтық Қазақстан болуы керек. Елді осындай мықты заңдармен қамтамасыз етіп, қоғамның әділетті дамуына жол ашатын Құрылтай құрылса екен деген ниетпен өз дауысымды бердім, – деді ол.

Халық ақынының пайымынша, елдің ертеңіне қатысты шешімдерге әр азаматтың жауапкершілікпен қарауы маңызды. Ал бүгінгі сайлау – қоғамның болашаққа деген таңдауын айқындайтын маңызды қадамдардың бірі.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ