Қостанай облысында қант, күріш, тұз, шай сияқты өнімдердің өндірілмейтіні мәлім. Бұлар өзге өңірлерден және импорт арқылы жеткізіледі. Дегенмен қантқа қатысты жағдай алдағы уақытта өзгеруі мүмкін.
Рудный қаласында қант өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Алдын ала болжам бойынша, зауыт жылына 200 мың тонна шекер өндіруге қауқарлы болмақ. Бұл жөнінде облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Қашақов баспасөз мәслихатында айтты.
«Бұл жобаны «Turan Sugar-Tobyl» ЖШС жүзеге асырады. Оның инвестициялық құны 106 млрд теңге болмақ. Қазір жоба дайындық кезеңінде. Кәсіпорын іске қосылса, өңірдің қантқа деген қажеттілігін өз өндірісі есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады», – деді Нұржан Қашақов.
Сондай-ақ, оның мәліметінше, биыл қаңтардан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31 позицияға дейін кеңейтілген. 12 тауар түрі бойынша облыс қажеттілікті толықтай өз өндірісі есебінен қамтамасыз етеді. Тағы 14 позицияға қатысты сұраныс жергілікті өндіріс пен еліміздің басқа өңірлерінен жеткізілетін өнім есебінен жабылады.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, ұн, нан, макарон өнімдері, қарақұмық жармасы, картоп, қызанақ, күнбағыс майы, сиыр еті, құс еті, пастерленген сүт, қышқыл сүт өнімдері, сары май және тауық жұмыртқасы секілді 14 түрлі азық-түлік тұрғысында облыстың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 80 пайыздан асты», – деді басқарма өкілі.
Қазір облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын 190 нысан бар. Оның ішінде 13 сүт өңдеу, 23 ет өңдеу кәсіпорны, ұн тарту саласында 35 кәсіпорын, 104 наубайхана, өсімдік майын өндіретін сегіз ферма, сондай-ақ төрт макарон және үш жарма цехы жұмыс істейді. Бұл өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің тек егін және мал шаруашылығымен шектелмей, біртіндеп өңдеу тізбегін қалыптастырып келе жатқанын көрсетеді.
