Арқалық теміржол вокзалы ашылды

Арқалық теміржол вокзалы ашылды

Арқалық теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін есігін айқара ашты. Қала тұрғындары мен қонақтары Арқалықтың 70 жылдық мерейтойында теміржол вокзалының қайта жөндеуден өтіп, ел игілігіне беру рәсіміне куә болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы еліміздің транзиттік әлеуетін нығайту үшін бірқатар ауқымды жобаларды қолға алғаны белгілі. Республика бойынша 125 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Жаңғыртудан өткен Арқалық теміржол вокзалының маңайы да толық абаттандырылды.

Салтанатты шақта облыс әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, және теміржол саласының ардагері Төлеубай Сатмурзин халыққа ізгі лебіздерін білдіріп, құттықтады.

Құмар Іргебайұлы компания басшылығына алғысын білдіріп, ілкімді істердің тек қаланың мерейтойы үшін ғана емес жыл сайын ілгері басатын шаруа екенін алға тартты.

«Ел экономикасын дамыту үшін әрине ең бірінші қатынас болу керек. Сондықтан, Арқалық қаласы және оған көршілес Амангелді, Жангелдин аудандарының экономикасын дамыту үшін біз үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деді облыс әкімі.

Әкім айтқан үш бағыт олар: теміржол қатынасын жетілдіру, автомобиль жолы және әуе қатынастары. Қазіргі таңда бұлардың бәрі де Президент тапсырмасы бойынша оң нәтиже беріп жатқаны баршаға мәлім.

blank

Вице-министр қазіргі таңда бұл жұмыстардың кең ауқымда жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті. Елдің барлық аймағында дерлік теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан өтуде. Қостанай облысында аталған бағдарламаға 6 вокзал іліккен. Оның 4-де жұмыс аяқталды. Ал, Қостанай мен Тобыл қалаларының теміржол вокзалдары тамыз айының аяғында пайдалануға берілмек.

Лента қию рәсімі «Қостанай оңтүстік электр сервис» мекемесінің жас маманы Арман Таңатқанов пен Арқалық педагогикалық университетінің студенті, республикалық «Үздік студент – 2026» байқауының жеңімпазы Ақния Құлажановаға берілді.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Жиналған жұртшылық жаңартылған вокзал аумағын тегіс тамашалап көріп, кезекті сапарға аттанып жатқан пойызбен де танысты.

Дастан Міржақыпұлы,

жолаушылар вагонының жолсерігі:

«Жақында «Астана-Арқалық» жаңа пойызы жүре бастады. Мұнда 3 купе, 3 плацкарт вагондар бар. Жолаушылар қуанып жатыр. Заманауи игіліктер кондиционер, вайфай орнатылып, барлық жағдай жасалған».

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

 

Арқалық қаласы