Мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі жарияланды

Мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі жарияланды

«Биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды», деп хабарлады ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ол туралы.

«Мемлекеттік білім беру тапсырысы экономиканың білікті кадрларға деген ұзақ мерзімді сұранысын ескере отырып қалыптастырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру гранттарының 60%-ы бүгінде елдің индустриялық және технологиялық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие инженерлік және техникалық даярлау бағыттарына бөлінді. Өңірлерді білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. «Серпін» жобасы аясында екі мыңнан астам грант иегері Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алады», – делінген ресми мәлімдемеде.

▪️2026 жылы білім беру гранттарын тағайындау конкурсына шамамен 127 мың өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп.
«Өтініштер санының артуы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары білім алуға деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді. Гранттарды бөлу барысында заңнамада көзделген мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктері сақталды», – деп түсіндіреді минисрлік өкілдері.
Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған квоталар, халықаралық олимпиадалар мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына конкурстан тыс берілетін гранттар, сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға арналған 1816 грант қарастырылған.