Құрылтай сайлауын 10 мың қоғамдық байқаушы бақылайды

Құрылтай сайлауын 10 мың қоғамдық байқаушы бақылайды

KAZINFORM — Қоғамдық байқаушылар Құрылтай сайлауын ұзақ мерзімді негізде қадағалап, сайлау күні, сондай-ақ, саяси науқанға дейін және одан кейін заңбұзушылықтар болмауын бақылайтынын хабарлады.

«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы журналистерге арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ұйым өкілдері республика бойынша 10 мың қоғамдық байқаушы оқыту үдерістерінен, арнайы семиинарлардан өтіп, даярланып жатқанын мәлімдеді.

– 23 тамыз сайлау күніне жақындағанда, байқаушыларымыз сайлау учаскелеріне барып, қарайды. Мүгедектігі бар азаматтарға тиісті жағдай жасалған ба, стендтердегі партиялар туралы ақпараттар көлемі бірдей ме, учаскелерде өзін-өзі ұстау ережесі бар ма, ол құжатқа қол қойылып, мөрмен бекітілген бе, т.б. мәселелерге мән береміз, – деді «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Күнәділов.

Сонымен қатар, қоғамдық байқаушыларға қатысты статистикалық мәліметтер де айтылды. 10 мың азаматтың арасында: 24-35 жас аралығында – 20%, 35-50 жас аралығында – 70%, 50-65 жас аралығында – 10% байқаушы бар.

– Байқаушылардың 60%-дан астамы 500 мыңнан астам халқы бар қалаларда, 30%-ы аудан орталықтарында, 10%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Сондай-ақ, олардың 55%-ы әйел адамдар болса, 45%-ы ерлер. Байқаушылардың 67%-ының тәжірибесі бар. 23%-ы алдыңғы сайлауларда кемінде бір рет байқаушы болған. 10%-ы алғаш рет байқаушы болғалы отыр, – деді коалицияның тең төрағасы Сәбит Рыспаев.

Сонымен қатар, қоғамдық байқаушылар Құрылтай сайлауын ұзақ мерзімді негізде қадағалайды. Олар сайлау күні, сондай-ақ, саяси науқанға дейін және одан кейін заңбұзушылықтар болмауын бақылайды.

Фото: Kazinform / Александр Павский