Қостанайда екі ай бұрын жаңадан №4 және №6 автобус бағыты пилотты режимде іске қосылған болатын. Қоғамдық көліктер осы уақыт аралығында сынақтан сәтті өтіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Бұдан былай қызметін тұрақты жалғастырмақ.
ТКШ бөлімінің хабарлауынша, аталған маршруттардың тиімділігі туралы тасымалдаушылардан хат келген. Бұл ақпаратты AlemPay жүйесінің деректері де мақұлдап отыр. Жергілікті атқарушы орган тұрғындардың сұранысын ескеріп, жаңа бағыттарды тұрақты негізде қалдыруға шешім қабылдапты. Жаңа автобус бағыттарына қызмет көрсету және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру үшін жақын арада тендер жарияланады. Конкурсқа ниет білдірген кез-келген жолаушылар тасымалын жүзеге асырушы ұйым қатыса алады. Қазіргі уақытта бұл бағыттарға «Жарық-Жол-1» ЖШС мен «Альтаир» ӨК қызмет көрсетуде.

Автобустардың қозғалыс уақыты мен жүру бағыттары сол күйі сақталады. №4 маршрут «Ұлы дала» саябағы, 7,8,9 шағын аудандар, Әуежай шағын ауданы, Солтүстік-Батыс ауданы, Kostanay Plaza СОО, индустриялы аймақты байланыстырады. Ал №6 маршрут Триатлон-парктен бастап Красный кузнец, қаланың орталық бөлігі, облыстық аурухана, Kostanay Plaza СОО, олимпиадалық резервтің бассейніне дейінгі аралыққа қатынайды.
«№4 бағыттағы қоғамдық көліктің қолданысқа берілгеніне қуаныштымын. Әуежай шағын ауданының тұрғындары үшін қолайлы. Бұрын бізге №3,5 автобустар ғана келетін. Жаңа маршрут қосылғалы бері таңдау көбейді. Отыратын орын да жеткілікті. Баратын жерімізге машақатсыз жетіп жүрміз», – деді қала тұрғыны Серікжан Ермағамбет.
Жаңа маршруттар 1-маусымда пилотты режимде іске қосылғанын еске саламыз. Жергілікті билік екі ай мерзімде жолаушылар ағынын бақылап, ұсыныстар қабылдады. Мониторинг нәтижесінде қостанайлықтардың көптен күткен үміті ақталды. Себебі жаңа маршруттардың қажеттігін тұрғындар бұрыннан айтып жүр.
Қымбат ДОСЖАНОВА
