Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Halyk Agro KST» серіктестігі бір мезгілде 5,2 мың тонна өнім сақтайтын заманауи көкөніс қоймасының құрылысын жүргізуде.
Жоба биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында жеңілдетілген қаржыландыру алған Қостанай өңіріндегі үш инвестициялық жобаның бірі болды.
Қазір құрылыс алаңында негізгі дайындық кезеңі аяқталып, металл конструкциялардың басым бөлігі орнатылды.
Мамандар ғимарат қаңқасын тұрғызу мен технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстарын аяқтап қалған.
Кәсіпорын директоры Бәкір Бекіровтің айтуынша, мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының дамуына жаңа серпін беріп отыр. Бір кездері шағын отбасылық шаруашылық болған кәсіпорын бүгінде өндіріс көлемін ұлғайтып, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алған.
Бұл жоба өңірде өнімді ұзақ мерзімге сапалы сақтауға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға өз үлесін қоспақ.
