Федоров ауданында 5 ауылдың жолы жөнделуде

Федоров ауданында 5 ауылдың жолы жөнделуде

Биыл Федоров ауданында жергілікті маңызы бар 5 автокөлік жолында жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ол үшін 1 млрд 54 млн теңге бөлінген. Жалпы ішкі жолдарды күтіп ұстауға, қыста қарын ашуға аудан қазынасынан 700 млн теңге қарастырылған.

Аудан әкімі Тәуба Исабаев өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында биылғы жылдың алғашқы жартыжылдық есебін баяндады. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы орган аудандық маңызы бар жолдардың жағдайын жақсартуға басымдық беруде. Мәселен, Ленин-Кеңарал бағытындағы ұзындығы 12,5 шақырым күре жолды қалпына келтіру ісі ойдағыдай атқарылуда. Байкайың-Ленин ауылдарының арасындағы автожолды жаңарту былтыр басталған еді. Биыл шаруа тиянақтыланатын түрі бар. Сондай-ақ, Ленин-Вишневый автожолындағы 58,3-59,1 км учаскені орташа жөндеу, Чистый Шандақ – Шишенский автожолын, Вишневый-Балықты-Үй-Белояров бағытындағы аудандық маңызы бар автожолды жеңіл-желпі жөндеу жалғасуда.

«Былтырдан басталған жол жөндеу жұмыстарын биыл аяқтаймыз. Бес учаскеде техникалық қадағалау жүргізілуде. Солар арқылы мердігерлердің қызметін, сапалы жүргізілуін бақылауда ұстаймыз»,-деді Тәуба Исабаев.

Аудан әкімі өңірдегі «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесімен бөлісті.

«Былтыр 17 жас маман келіп, баспана сатып алуға жеңілдетілген пайызбен несие алды. 29 адамға біржолғы көтерме жәрдемақы төледік. Биыл да сондай қаражат бөлініп тұр. Көбінесе мұғалімдер мен дәрігерлер келеді. Одан бөлек аудандық аурухананың өз пәтерлері бар, жұмысқа келген жас мамандарға үлестіреді. Бізде мемлекеттік қызметте еңбек ететін жастар үшін арнайы пәтерлер қарастырылған»,-деді ол.

Биылғы жылдың алғашқы жартысында аудан бюджетіне 3,8 млрд теңге кіріс кірді. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық салалары жақсы нәтиже көрсеткен. Бұл бағытта инвестициялық жобалардың іске асырылуына баса назар аударылды.

Сурет – Өңірлік коммуникациялар қызметіне тиесілі.

Қымбат ДОСЖАНОВА