Кеншілер кентіндегі Железорудный стансасының темір жол вокзалы бір жылға созылған ауқымды құрылыс жұмысынан соң пайдалануға берілді.
Былтыр бұл теміржол вокзалында ауқымды құрылыс жұмыстары басталып, соған байланысты ғимараты қайта жаңғыртуға жабылған болатын. 1959 жылы салынған нысан бүгінгі заман талаптарына сай келмейтіндіктен, техникалық тексеру жүргізген мердігерлер ескі ғимаратты іргетасына дейін толықтай бұзып, оның орнына жаңасын салу туралы шешім қабылдаған. Бүгін су жаңа ғимараттың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Железорудный стансасындағы вокзал ғимараты «Қазақстан темір жолы» АҚ қайта жаңғырту бағдарламасы аясында салынды. Бастапқыда мұнда күрделі жөндеу жүргізу жоспарланғанымен, техникалық сараптама қорытындысы ғимараттың қанағаттанарлықсыз жағдайда екенін көрсетті. Осыған байланысты 2025 жылдың тамыз айынан бастап жаңа вокзал ғимаратының құрылысы мен инженерлік коммуникацияларды жаңғырту жұмыстары қолға алынған-ды. Соңғы үлгідегі ғимарат ел игілігіне беріліп отыр.
«Бұл жоба Мемелекет басшысының елдегі 124 темір жол вокзалын жаңғырту тапсырмасы аясында жүзеге асты. Бастысы, қала тұрғындарын қатынас жүйесінде жайлылықпен, қауіпсіздікпен қамтамасыз ету міндеті алда тұрады. Тозығы жеткен бұл ғимаратты қалыпқа келтіруге «Самұрық қазына» АҚ қолдауымен 713 млн теңге бөлінді. Ал «Қазақстан темір жолы» АҚ вокзалдың жоғары стандарттарға сай келуіне барлық жағдай жасады. Вокзалдың өңірге ұзақ жыл қызмет етуін тілеймін», – деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков.

Құрылыс жұмыстарын «Сервис Сталь» ЖШС мамандары жүргізді. Ғимарат адам танығысыздай өзгерген. Ішкі және сыртқы әрлеуі толық жаңартылып, жарықтандыру жүйесі заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Алпыс жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген вокзалда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қатынауына барлық қажетті жағдай жасалған.
«Қостанай облысында сегіз вокзалды жаңғырту жұмысы қолға алынған еді. Бүгін солардың ішінде Железнодорожный вокзалы салтанатты түрде ашылып отыр. Бұл қала тұрғындары мен жолаушылар үшін маңызды оқиға. Нысанды теміржолшылар мерекесі қарсаңында ашып үлгеріп отырмыз. Заманауи талаптарға сай жаңартылған вокзал халыққа жайлы болып, игілігіне ұзақ уақыт сапалы қызмет көрсетеді деп сенемін. Вокзал құрылысына белсенді атсалысқан азаматтарға халық атынан алғыс айтамыз», — деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ магистраль желісінің Қостанай филиалының директоры Марат Туғанбаев.
Жаңа вокзал ғимаратының лентасын қию рәсімін филиал директоры Марат Туғанбаев пен темір жол саласының ардагері, рудныйлық тұрғын Бауыржан Көпжасаров жүргізді. Бұдан соң Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко бастаған қалың қауым вокзал ішін аралап, заманауи келбетімен, бөлме-бөлімшелерімен танысты.
Железорудный станциясының теміржол вокзалы III класқа жатады және тәулігіне орта есеппен 452 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы өңірді Алматы, Шу, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Орал, Астана, Көкшетау қалаларымен, сондай-ақ Бурабай курорттық аймағымен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы өтеді.
Еске сала кетейік, осы кезге дейін Аманқарағай және Құсмұрын стансалары пайдалануға берілген еді. Толығырақ – газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
