Бейімбет Майлин ауданында қос бірдей айтулы мереке – ауданның құрылғанына 90 жыл толуы және Металлургтер күні кең көлемде аталып өтті. Салтанатты іс-шара аудан жұрты мен қонақтарының басын қосып, көрікті думанға айналды. Өткенге тағзым етіп, бүгінгі жетістіктерін дәріптеуге, сондай-ақ еңбек адамдарын ұлықтауға арналды.

Қойнауы кенді, төскейі дәнді, ұлыларға ұя, тектілерге тұғыр болған, заңғар қаламгердің есімін иеленген аудан қай кезден-ақ Тобыл-Торғайдың құтты өлкесі саналады. Тоғыз онжылдықты артқа тастап, Қостанай облысының өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған маңызды аудандарының біріне айналды. Әсіресе темір кені өндірісі мен металлургия саласының дамуы аудан экономикасына тың серпін беріп, мыңдаған адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасап келеді. Қай сала, қай бағытта да жылма-жыл қуаты арта түскен аудан бүгінде майлиндіктердің ғана емес, өңір халқының мәртебесіне айналды десек, артық айтқандық емес. Демек, оның тарихи белесі – тоқсан жылдық торқалы тойы да облыс жұртына ортақ жаңалық.

Сонымен, мерейтой 16 шілде күні мәдени-рухани іс-шаралардан бастау алды. Аудандық мәдениет үйінде «Мерейлі мерейтой – 90» атты концерттік бағдарлама, «Кітап бетіндегі аудан тарихы» кең ауқымды көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ең бір елеулі іс-шара – дүйім жұрттың делебесін қоздырған ат бәйгесі. Бұл аламанның басты ерекшеліктері – елдің әр түкпірінен сәйгүліктер арнайы алдырылған доданың аудан көлемінде араға көп уақыт салып өткізілуінде және осы өлкеге тарихында тұңғыш рет жүлделі 3-орын бұйырды. Бұдан соң қалың көпшілік «Жырлаймын туған елімді» аталатын ән-жырға толы кешті тамашалап, шат-шадыман болысты.

«Кешеден бері қандай керемет іс-шараларға куә болып жатырмыз. Мерейіміз тасып, мәре-сәре болып жүрміз. Бұл ауданға қоныс тепкеніме 16 жыл өтіпті. Туған жерімдей болып кетті. Дамуына титімдей де болса үлес қоссақ деп тырмысып жүрген тілекші тұрғындардың біріміз. Аудан көркейе берсін, ел іргесі аман болсын, тойы-тойға ұлассын!» – дейді аудан тұрғыны, өнерпаз Мархабат Кокушев.
Ал енді мерейтойдың негізгі бөлігі келесі күні бастау алды. 17-сі күнгі іс-шараға алтын сапырған алпауыт кәсіпорын «Варваринское» ЖШС мерекесі қосылып, Металлургтер күні қуаныш-той ауқымын кеңейте түсті. Түс әлетінен аудан орталығы ығы-жығы адамға толып, толассыз концерттер қойылды. Жергілікті өнерпаздардың «Туған күніңмен, ауданым» концерттік бағдарламасы, «Happy kids» балалар сағаты, Dance Vibes жастар би баттлы сабақтасып, аудан тұрғындарын қуанышқа қарық қылды.

Кешкісін негізгі салтанатты бағдарлама – «Мерейлі мерейтой – 90!» шымылдық түріп, театрландырылған қойылымы туған жерге, еңбек адамдарына және ауданның бай тарихына деген шынайы құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Аудан әкімі Қайсар Мыржақыпов жерлестеріне мерекелік құттықтау лебізін жолдады.

«Аудан тарихы 1936 жылғы 29 шілдеден бастау алады. Осы жылдар ішінде өңіріміз қалыптасу мен дамудың үлкен жолынан өтіп, Қостанай облысының маңызды аграрлық және өнеркәсіптік аудандарының біріне айналды. Бүгінде Бейімбет Майлин ауданы ондаған елді мекенді, бай еңбек дәстүрлерін және туған жеріне адал азаматтарды біріктіріп отыр. Ауданның басты байлығы – оның тұрғындары. Өңірдің өркендеуі еңбек адамдарының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Біз ата-баба аманатына адал болып, бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтай отырып, алдағы уақытта да ауқымды міндеттерді абыроймен атқарып, ауданның экономикалық әлеуетін нығайтып, келер ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер жасайтынымызға сенімдімін», – деді аудан басшысы.

Осыдан кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер мен түрлі сала мамандары облыс әкімінің және аудан әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды. Кәсіби мереке қарсаңында өндіріс озаттары мен еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың өңірдің дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды. Қазақстанда Металлургтер күні жыл сайын шілде айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді және бұл мереке металлургия саласы қызметкерлерінің еңбегін дәріптеуге арналған. Облыс әкімінің мадақтамасын иеленген «Варваринское» ЖШС құрыш білекті жұмысшылары, тәжрибелі мамандары биыл да көп. Олардың бірі – серіктестіктегі логистика бөлімінің жетекші инженері Ілияс Тайжанов.

«Бұл – біздің өмірлік таңдауымыз түскен қызмет. Туған жердің кен-байлығын игеріп, сол арқылы өңірдің экономикасын дамытуға үлесіміздің тиіп жатқанын мақтаныш тұтамыз. Еңбек еленіп, осылай назарға іліксек, ол біз сияқты қарапайым жұмыс адамына күш-қуат бере түседі. Әлі айтарлықтай егде жаста емеспіз. Ел-жер үшін еңбек ете береміз. Аудандағы қос мереке құтты болсын!», – деп лебізін айтты ол.
Жалпы, «Варваринское» ЖШС-де 800-ден астам адам жұмыс істесе, ұжымның 30 пайызы аудан тұрғындары екен. Демек, Бейімбет Майлин ауданын бір есептен «кеншілер өңірі» деп ныспылай берсек те болады.
«Бізде адамдар әртүрлі вахталық тәсілмен жұмыс істейді. Кәсіпорынның өзі екі дайын өнім өндіреді: құрамында алтын бар қорытпа және мыс концентраты. Сондықтан біздің ұжым, тікелей айтсақ, алтынның соңғы құймасына жұмыс істейді. Ал бүгін марапат иеленіп жатқандар – сала ардагерлері ғана емес, еңбекте көзге түскен барлық жастағы мамандар», – деп ақпарат берді серіктестіктің қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Антон Труханов.
Кәсіпорын қызметкерлері аудан әкімінен ғана емес, серіктестік директоры Абдрахман Исаевтың да қолынан ұжымдық марапаттар иеленді. Ол құттықтау сөзінде «Варваринский» ЖШС осы ауданда 18 жыл жұмыс істеп келе жатқанын, оның әр табысы, дархан ісі аудан халқының еңбекқорлығымен тығыз байланысты екенін айта кетті.

«Мен әрдайым аудан халқының, әрбір қызметкердің қолдауын, ақадал еңбегін сезінемін. Ел бірлігі болмаған жерде ешқандай істің алға оңайлықпен баспайтыны анық қой. Сондықтан бәріңізді өңіріміздің 90 жылдығымен және кәсіби мерекелеріңізбен – Металлургтер күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!», – деді Абдрахман Исаев.
Салтанатты рәсімнен соң той көрігі қыза түсті. Сахнаға аудандық мәдениет үйінің және Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының ұжымы шығып, ән мен күйден шашу шашты. Мерекелік алаңда қолөнер көрмелері, сауда-саттық сөрелері, балалар ойын аймақтары қойылып, мәре-сәре кешкілік тіптен қызып, көпшілік көтеріңкі көңіл-күйде жүрді.
«Әрі саудамызды қыздырып, әрі әсем әуенге құлақ құрышын қандырып, кешке дейін уақытымыздың қалай зыр етіп өткенін білмей қалдық. Сатуға әкелген тауарымыз, балаларға арналған тәтті-жұмсағымыздың бәрі өтіп кетті. Бірақ алаңдағы қызықты қимай қалып қойдық. Сахнадағы көріністің бәрі көңілімізден шығып жатыр! Туған жердің той-думаны тарқамасын!», – дейді Татьяна Смайылова.
Аудан тұрғындары асыға күткен сәт – отандық эстрада жұлдызы Дильназ Ахмадиева мен Ресей сахнасын жаулаған қазақстандық әнші Анатолий Цойдың алаңға шығуы еді. Екі әйгілі әнші танымал хиттарын орындап, екі сағатқа жуық өнер көрсетті. Мерейтойлық бағдарлама отшашумен аяқталды.

Тоқсан жылдық той аудан тұрғындарының туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ел бірлігі мен еңбек адамына деген құрметтің жарқын көрінісіндей болып есте қалды.
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ, Александр КОРЯКИН
Б.Майлин ауданы
