Мамыр айының басында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті және өңірлік полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері бірлескен операция барысында синтетикалық есірткі затын таратты деген тәртіп сақшысын ұстаған еді.
Аталған факт бойынша «Лауазымды адамның қызметтік жағдайын пайдалана отырып, есірткі құралдарын өткізу, жөнелту немесе өткізу үшін заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау» Қылмыстық Кодекстің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған облыстық полиция департаментінің қызметкері А.М.Әмзеге қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің қарауында.
Осы іске қатысты тағы да бірқатар деректер белгілі болды. Қазір үш тәртіп сақшысы есірткі саудалады деген күдікпен тергелуде. Аталған полицейлердің тікелей басшылары лауазымдарын босатып жатыр. Олардың бірқатары өз еркімен, қалғандары қызметтік тексерістен кейін жұмыстан кеткен.
«Ағымдағы жылы Қостанай қалалық полициясы басқармасының есірткіге қарсы күрес бөлімі қызметкерінің қылмыс жасау дерегі бойынша полиция департаменті қызметтік тексеру жүргізді. Қызметтік тексеріс нәтижесінде бірқатар қызметкер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, жауапқа тартылғандар – 11 қызметкер, оның бесеуі басшылық құрамнан, өздерінің атқарып отырған лауазымдарынан босатылды. Және қылмыс жасаған қызметкердің өзі де ішкі істер органдарынан шығарылды», – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов.
Қызметтік тергеу қорытындылары бойынша облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы А.Әлмағамбетов пен оның орынбасары А.Қартбаев, Қостанай қалалық полиция басқармасының бастығы М.Базарбаев пен орынбасары Б.Шұбаев, Қостанай қалалық полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы А.Атығаев лауазымдарынан босатылған. Сонымен қатар, Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары А.Ынтымақбаев ішкі істер органдарынан кету туралы рапорт беріпті. Ал департаменттің кадр саясаты басқармасының бастығы К.Дүйсембаев атқарған қызметінен босату туралы баянат тапсырған. Бұл туралы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Алексей Милюк хабарлады дейді tobolinfo.kz ақпараттық агенттігі.