Қостанай облысында «Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай (айналма жолымен) – Ресей Федерациясының шекарасы (Қайрақ өткізу пункті)» республикалық маңызы бар автожолында орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Жөндеу жұмыстары жалпы ұзындығы 56,7 шақырымды қамтиды. Қазірдің өзінде жолдың ескі жабыны фрезерленіп, төменгі және жоғарғы асфальтбетон қабаттарын төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Нысанның құрылыс дайындығы 37 пайызға жеткен.
Қазіргі таңда мердігер ұйым «АРВИС» ЖШС 35 маман мен 33 бірлік арнайы техниканы жұмылдырып, жұмысты белгіленген кестеге сай атқаруда. Жөндеу аяқталған соң жол таңбалары салынып, жаңа жол белгілері орнатылып, жол жиектері нығайтылады.
Бұл жоба – тек жолды жаңарту ғана емес. Ол:
жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырады;
жүргізушілер үшін жайлы әрі сапалы жол қалыптастырады;
өңірдегі елді мекендердің көліктік қолжетімділігін жақсартады;
республикалық маңызы бар бағыттағы көлік қатынасының сенімділігін күшейтеді.

Сапалы жол – қауіпсіз сапардың кепілі. Жаңарған KAZ03 автожолы Қостанай өңірінің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтермек.
