Шетелге барып қайтамын деп арзан бағаға алданып қалды

Шетелге барып қайтамын деп арзан бағаға алданып қалды

Шетелге арзан бағамен барып қайтуды ұсынып, бірақ турды ұйымдастыра алмаған агент «алаяқтық» күдігімен ұсталды. Полицияға 50 қостанайлықтан шағым түскен, күдікті оларға 60 миллион теңге қарыз болып қалды, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Турагент-жеке кәсіпкер Алена Федотоваға алғашқы арыз 2022 жылдың тамызында түскен. Бірақ, жаңа клиенттер, оның ішінде Руслан есімді азамат, бұл туралы білмеген. Былтыр қазанда жас жігіт таныстарының ұсынысымен мүмкіндікті пайдаланып, «тиімді жолдама» сатып алған.

«Біз Египетке жолдама алдық. Турды бөліп төлеуге алып, соңғы төлемді желтоқсанда жасадық. Ол жалпы 690 мың теңге болған. Демалыс 2023 жылдың 18 наурызында басталуы керек еді. Біз жолдаманы жеке кәсіпкер Алена Федотовадан алдық. Ол туралы бұған дейін қызметтерін пайдаланған таныстарымыздан естідік. Ешқандай күдік болмады», – дейді ол.

Ештеңеден күдіктенбеген Руслан демалысқа ұшу үшін наурызды күткен. Тіпті, ақпанда дәл осы турагенттен бұл жолы Дубайға жолдама сатып алуды шешеді.

«Египетке ұшатын күнге дейін ештеңеден күдіктенбей билетті күттік. Дәл ұшатын күні ол (Алена Федотова – ред.) турды сатып алып үлгермегені туралы хабарлама жіберді», – деп атап өтті Руслан.

Зардап шеккен азаматтың айтуынша, ол ақшасын төлеп, демалыссыз қалған жалғыз адам емес. Федотоваға елуге жуық қостанайлық алданған. Осындай жағдай Қостанай тұрғыны Әселде де болған. Ол да Федотовадан тур сатып алып, наурызда ұшуы керек еді.

«Турды 2022 жылдың қазанында алдым. Бөліп төледім. Соңғы төлемді биыл қаңтарда жасадым. Бұған дейін мен Аленадан тур сатып алғанмын. Қазанда демалыстан келген кезде тиімді бағадағы келесі турды ұсынды, келістім. Екі адамға 680 мың теңге төледік. Төрт адам болып ұшуды жоспарлаған едік», – деп атап өтті Әсел.

Қостанай облыстық полиция департаменті осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Туристік агент А.Федотоваға қатысты биыл наурызда ҚР ҚК 190-бабы 3-тармағы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. А.Федотовадан қорғаушы алу құқығына ие куәгер ретінде жауап алынды. 2023 жылдың 2 маусымында ол күдікті деп танылды», – деп хабарлады ведомстводан.

Қылмыстық іс бойынша 50 адам зардап шеккен, оларға 60 млн теңге шығын келтірілген. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Қажетті талдау тағайындалды, соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу