Соңғы екі жылда Меңдіқара ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында бірқатар маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асып, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға тың серпін берді. Бұл туралы аудан әкімі Ғабит Бекбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Аудан басшысының айтуынша, егін шаруашылығында суармалы жер көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл сәуір айында Алешин ауылдық округінде «Бекиров Б.С.» шаруа қожалығы 168 гектар алқапта картоп пен көкөніс өсіруге арналған заманауи суару жүйесін іске қосты. Жобаның жалпы құны 300 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, Ломоносов ауылдық округінде «Арлан» шаруа қожалығы ұқсас жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 150 гектар суармалы жерді қамтитын бұл жоба арқылы мал шаруашылығы фермасына қажетті мал азықтық дақылдар өсірілмек.
Ауданда сүтті ірі қара мал шаруашылығында да ауқымды жобалар қолға алынуда. Екі жыл бұрын Степанов ауылында «Восток-1» ЖШС құны 6,235 миллиард теңге болатын, жылына 9 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасын пайдалануға берілгені белгілі. Ал былтыр қараша айында Каменскуральск ауылында «Каменскуральск» ЖШС бастамасымен тағы бір 1200 басқа арналған сүт фермасы іске қосылды. Құны 4,315 миллиард теңгені құраған бұл кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 6,7 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді.
Бүгінде аталған екі ферма өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарына – «Милх» ЖШС мен «ПК Вита» ЖШС-не тәулігіне 23 тонна сүт жөнелтуде. Бұл көрсеткіш «ПК Вита» кәсіпорнының жаңа фермалар салынғанға дейінгі жүктемесіне тең. Алдағы уақытта сүт өндірісінің көлемі одан әрі арта түседі деп күтілуде.
Ауданның инвестициялық жоспарында жаңа сүт фермаларын салу да қарастырылған. Атап айтқанда, «Каменскуральск» ЖШС тағы бір 1200 басқа арналған ферманы, ал «Агрофирма Қарқын» ЖШС 400 басқа арналған сүт фермасын тұрғызуды жоспарлап отыр.
Етті мал шаруашылығы бағытында да тың жобалар әзірленуде. Иванов ауылында «Исмағұлов Мереке Жақсылықұлы» шаруа қожалығы 1500 басқа дейін ірі қара мал бордақылауға арналған алаң, мал сою пункті және ет өңдеу цехын салуды көздеп отыр. Жобаның болжамды құны – 300 миллион теңге. Ал Боровское ауылында «Береке» шаруа қожалығы қуаттылығы 5 мың басқа дейін жететін ірі мал шаруашылығы кешенін салуды жоспарлауда. Жоба аясында абердин-ангус тұқымын өсіретін репродуктор құрылып, бордақылау алаңы мен мал сою цехы қатар жұмыс істемек. Инвестиция көлемі шамамен 2,8 миллиард теңгені құрайды.
Мал шаруашылығын дамыту барысында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта аудан аумағында бес типтік ветеринариялық пункт пен бес мал қорымын салынады. Нысандар Боровское, Введен, Степанов, Каменскуральск, Теңіз, Красная Пресня және Алешин ауылдарында орналастырылады. Жобалардың жалпы құны 272,5 миллион теңгені құрайды.
– Агроөнеркәсіп кешеніндегі бұл жобалар аудан экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады. Ауыл шаруашылығын қолдау мен инвестиция тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады, – деді аудан әкімі Ғабит Бекбаев.
Жалпы, жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобалар Меңдіқара ауданының аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
