Су ресурстарын басқару – мемлекет дамуының стратегиялық маңызы бар бағыты. Бұл саладағы құқықтық негіз ретінде ҚР Конституциясы мен Су кодексі су саясатының негізгі қағидаларын айқындайды.
Су ресурстарын басқарудың басты қағидаларына олардың мемлекеттік меншік ретінде танылып, халық игілігіне қызмет етуі жатады. Бұл суға қолжетімділіктің әділдігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, суды ұтымды әрі үнемді пайдалану, су қорларын қорғау және экологиялық тепе-теңдікті сақтау талап етіледі. Маңызды бағыттардың бірі – халықты ауызсумен басым түрде қамтамасыз ету және су саласын мемлекеттік реттеу мен қоғамдық бақылауды үйлестіру. Осы қағидалар Қазақстандағы су саясатының негізін құрап, табиғи ресурстарды тиімді әрі жауапты пайдалануға бағытталған.
Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Тобыл-Торғай бассейндік су инспекциясы су шаруашылығы бассейні шегінде су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті орган ведомствосының өңірлік бөлімшесі болып табылады.
Өз құзыреті шегінде су қатынастары субъектілерінің қызметін үйлестіріп, су қорын қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады және құзырет шегінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 4 түрін ұсынады — суды есепке алу аспаптарын пломбылау, гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі декларациясын тіркеу, арнайы су пайдалануға рұқсат құжатын рәсімдеу, су объектілеріндегі, су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі құрылыс және өзге де қызметтерге байланысты жұмыстарды жүргізу шарттарын келісу.
2025 жылы қабылданған жаңа Су кодексі су қауіпсіздігінің мемлекеттік бақылауды күшейтуге, суды үнемді пайдалануға, ластанудан және оның тапшылығынан қорғауға және қоғамды су ресурстарын реттеуді басқаруға тартуға бағытталған.
Жаңа кодекс өңірімізде заңсыз су пайдалануды болдырмауды, су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде тыйым салынған шаруашылық қызметті жүзеге асыруға жол берілмеуіне бақылауды күшейтіп, заң бұзушылық анықталған жағдайда қолданыстағы заңға сәйкес тиісті шаралар қолдануға құзыреттілік береді. Бұл әрекеттер су ресурстарын тиімді пайдалануға, оны ластанудан, сарқылудан сақтауға көмектеседі.
Бүгінгі таңда ең өзекті мәселенің бірі су ресурстарын тиімді пайдалану болып табылады. Бұл туралы әрбір су пайдаланушы ҚР Су кодексінің 18-бабының 2 тармағының 1-тармақшасына сәйкес, су ресурстарын ұтымды пайдалануға, су ысырабын азайту үшін шаралар қабылдауға міндетті деп көрсетілген.
Осы бағытта инспекция қызметкерлері су пайдаланушылар мен және қала тұрғындарының арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
«Өзгерісті өзіңнен баста» демекші, инспекция қызметкерлерінің тұрғылықты мекен жайларынан бастап, Қостанай қаласында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерінде 90-нан астам көрнекі ақпараттық материалдар, сонымен қатар халық көп жиналатын қоғамдық орындарды қамту мақсатында, Қостанай қаласындағы 15 ірі қоғамдық нысанында 45 үндеу ақпараттық брошюралар орналастырылды.
Су ресурстарын қорғау жастардан басталу керек деп ойлаймын. Осы мақсатта мектептерде, колледждер мен университеттерде су үнемдеу мәдениетін қалаптастыруға бағытталған ірі 11 іс-шара өткізілді және бұл бағытта жұмыстар жалғасын табатын болады.
Кадрлық әлеуетті дамыту мен жас мамандарды қолдау – басты назарда. Осы есепті кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жоғарғы оқу орнының «Экология» мамандығында оқитын 11 студенті инспекциямызда өндірістік практикадан өтті. Студенттер теориялық білімдерін іс жүзінде бекітіп, су бассейндерін қорғау, су заңнамасының талаптарымен танысып қана қоймай, қызығушылық танытты. Бұл су шаруашылығы саласына жаңа кәсіби кадрларды тартудың маңызды қадамы.
Қазақ халқы ежелден «Су – тіршіліктің көзі», «Судың да сұрауы бар» деп, судың қадір-қасиетін терең түсінген. Біздің дана халқымыз суға тек табиғи ресурс ретінде емес, тіршіліктің тамыры, өмірдің өзегі деп қараған.
Еліміздің ертеңі, болашақ ұрпақтың жарқын келешегі үшін су ресурстарын тиімді пайдалану, қорғау, сақтау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Су ресурстарын сақтайық және қорғайық!
Алмат Әбжанов,
«Тобы-Торғай» бассейндік су инспекциясының басшысы
