Қостанай қаласында соңғы үш жылда 64 көп пәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтіп, оған 2,5 млрд теңге жұмсалған. Биыл 34 үйге ағымдағы және күрделу жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарға 1,9 млрд теңге бөлінген.
Дүйсенбілік аппарат жиналысында баяндама жасаған Қостанай қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Радик Искалиев қасбеттерді қалпына келтіру және басқа да бағыттағы жөндеу жұмыстары туралы кеңінен мәлімдеді. 2020 жылы 28 көп пәтерлі тұрғын үй, 2021 жылы 29 үй, 2022 жылы 7 үй жөнделді. Биылғы жоспарға сай 34 үй қалыпқа келтірілмек. Соның ішінде 27 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бір миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға қасбетін бояу, шынылау, жарықтандыру жұмыстары қолға алынбақ. Қалған жеті үй күрделі жөндеуден өтеді. Оған 875, 6 млн теңге бөлінді.
– Қалада күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлердің саны өте көп. Қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселеге айналып отыр. Осы бағытта тұрғындар тарапынан отызға жуық өтініш келіп түсті. Сондықтан, алдағы жылы, шамамен, елу көп пәтерлі тұрғын үйге жөндеу жүргізді жоспарлап отырмыз, – деді тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Радик Искалиев.
Қала әкімі Марат Жүндібаев көп пәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті мен төбесін жөндеуде орталық көшелерде орналасқан нысандар назарға алынатынын ескертті.
– Орталық көшелер – қаланың күретамыры іспеттес. Сондықтан, біз орталықта орналасқан үйлердің сыртқы келбетін қалпына келтіруге ерекше екпін беріп отырмыз. Ал басқа аумақтарда орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлердің сыртын жөндеуді меншік иелері өздері қолға алулары қажет, – деді М.Жүндібаев.