Елорда төріндегі өнер тарланы

Елорда төріндегі өнер тарланы

Елорда – елдің ғана емес, талай таланттың да қанатын қатайтқан қасиетті мекен. Бүгінде Астанада әр салада табысты еңбек етіп, туған жердің мерейін асырып жүрген жерлестеріміз аз емес.

Мемлекеттік қызметте, ғылымда, кәсіпкерлікте, мәдениет пен өнерде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған азаматтардың жетістігі – өңір мақтанышы. Әсіресе, өнер мен мәдениет саласында жүрген жерлестеріміздің есімі ел көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де кеңінен танылып келеді.

Сондай талант иелерінің бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, опера өнерінің саңлағы Сүндет Байғожин. Әлемнің талай әйгілі сахнасында өнер көрсеткен жерлесіміз бүгінде де ұлттық өнердің абыройын асқақтатып, қазақ вокал мектебінің биік деңгейін халықаралық кеңістікте лайықты танытып келеді.

– Астана – менің шығармашылық тағдырыммен біте қайнасқан қала. Бұл шаһарға алғаш рет 2001 жылы, небәрі он алты жасымда келдім. Ол кезде мектепті енді ғана тәмамдап, Қазақ ұлттық музыка академиясының дайындық курсына қабылдандым. Шынын айтсам, кәсіби музыкалық білімім болған жоқ. Сол себепті бәрін әліппеден бастадық. Ұстаздарым қазақ ән өнерінің қыр-сырын, сахна мәдениетін, вокалдық шеберліктің қырларын үйретті. Өнер жолындағы алғашқы қадамдарымның бәрі осы қалада басталды.

Сол кездегі Астана мен бүгінгі елорданы салыстырудың өзі қиын. Ол уақытта Бәйтерек те салынбаған еді. Кейін арада біраз уақыт өткен соң Бәйтеректің ашылу салтанатына әнші ретінде қатыстым. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі ұмытылмас естелік. Осы ширек ғасыр ішінде қаланың қалай өсіп, қалай көркейгенін өз көзіммен көрдім. Бүгінде Астана – сәулеті келіскен ғана емес, мәдениеті мен өнері қатар дамыған, әлем назарын аударған шаһар.

Менің шығармашылық өмірімдегі көптеген маңызды оқиғалар да осы елордамен байланысты. Оқу жылдарынан бастап көптеген мемлекеттік концерттерге қатыстым. Тәуелсіздік күніне арналған үлкен концерттердің бірінде Астана Арена сахнасында отыз мың көрерменнің алдында өнер көрсету бақыты бұйырды. Сол кеште Қазақстанның халық әртісі Төлеген Мұхамеджановтың «Город мой» әнін алғаш рет орындадым. Бұл туынды маған арнайы сеніп тапсырылған еді. Ән алғаш Мәскеуде жазылып, кейін үлкен сахнада орындалды. Сол сәттің әсері әлі күнге дейін есімде. Бұл ән талай тыңдарманның жүрегінен орын тапты. Уақыт өзгереді, кезең өзгереді, бірақ елордаға деген ыстық ықылас пен сағыныш өзгермейді.

Шығармашылық иесі ретінде мені әлемдік опера өнерінің үздік өкілдері шабыттандырады. Артур Ручинский, Амартүвшин Энхбат, Надин Сьерра сияқты әйгілі әншілердің өнерін сүйіп тыңдаймын. Олардан үнемі жаңа ізденіс көремін. Сонымен қатар қазақтың ән өнері, ұлттық музыкасы, халқымыздың бай мұрасы әрдайым шығармашылығыма күш-қуат береді. Өзім жазған авторлық әндер де жүрегіме жақын.

Биыл Астанада тұрып жатқаныма жиырма бес жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде елорданың мәдени өмірінің бір бөлшегіне айналдым десем болады. Қандай маңызды концерт, мемлекеттік деңгейдегі мәдени іс-шара болмасын, қолдан келгенше атсалысып келемін. Жақында Италияда екі жыл білім алып, еуропалық магистр дәрежесін иеленіп, елге оралдым. Шетелде жинаған тәжірибемді енді туған елімнің игілігіне жұмсағым келеді. Қазір Төлеген Мұхамеджановтың «Өмірге қайран қаламын» атты жаңа әнін сахнаға дайындап жатырмыз.

Бұл – терең философиялық ойға құрылған, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін ерекше шығарма.

Өнер адамы үшін отбасының орны да айрықша. Бос уақытымды қыздарым – Фатима мен Мәдинаға арнауға тырысамын. Балалармен бірге қалада серуендеп, мультфильм көреміз, бассейнге барамыз, ролик тебеміз. Осындай қарапайым сәттердің өзі маған ерекше қуаныш сыйлайды.

Бүгінде мені ең көп қуантатыны – қазақ өнерінің әлемдік деңгейде танылып келе жатқаны. Қай елде, қай сахнада өнер көрсетсем де, қазақтың әнін лайықты деңгейде орындауды өзіме үлкен жауапкершілік санаймын.

Өнер – менің өмірімнің мәні. Бар ғұмырымды осы жолға арнадым. Сондықтан өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Ал шығармашылық жолымның ең жарқын белестері әлі алда екеніне сенемін. Елімнің мәдениетін өркендетуге, қазақ өнерінің абыройын асқақтатуға күш-жігерімді жұмсай беремін.

Сералы МЫРЗАБАЙ