Қостанай қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту және жолдардың сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.
Биыл қаладағы 49 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.
Жөндеу жұмыстары бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жобалар аясында жол жабынын жаңартумен қатар, көшелердің техникалық жағдайына қарай жиектастар ішінара немесе толық ауыстырылуда. Бұл жұмыстар жолдардың пайдалану мерзімін ұзартып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Қайырбеков көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жобаны қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған. Осыған байланысты жолдың жаңа асфальт қабатын төсеу кезеңінде аталған учаскеде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. Қала тұрғындарынан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарау сұралады.
Сонымен қатар биыл Қостанай қаласында 35 ауланы абаттандыру жұмыстары жоспарланған. Жобалар аясында аулалардағы асфальт жабыны жаңартылып, техникалық құжаттамаға сәйкес жиектастар ауыстырылады.
Қаланың көлік инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында Нариманов көшесін қайта жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Жобаға сәйкес көшенің жол жүру бөлігі 14 метрге дейін кеңейтіледі. Осыған байланысты Абай даңғылынан Алтынсарин көшесіне дейінгі аралықта жаңа жиектастар толық орнатылады.
Жолдарды жөндеу және абаттандыру жұмыстары қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, көлік қатынасының сапасын арттыруға және қаланың инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған.
