«Tugan Qala» бағдарламасы аясында Лисаковта 8 жоба іске асады

«Tugan Qala» бағдарламасы аясында Лисаковта 8 жоба іске асады

Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шаһардың 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын жария етті.

Қала әкімнің мәліметінше, қалада негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталып отыр. Атап айтқанда, биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 42,9 миллиард теңгеге жеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға жоғары.         

Қала экономикасының өзегі саналатын Краснооктябрь боксит кеніш басқармасының (КБРҮ) үлесі өнеркәсіп құрылымында 71,2%-ды құрап отыр. Алайда, мұнда боксит өндіру көлемі 12,8%-ға төмендеп, 1584,2 мың тонна болған. Абай Ибраев бұл төмендеуді жоспарлы жөндеу жұмыстарымен және Павлодар алюминий зауыты тарапынан сұраныстың азаюымен түсіндірді. Ал «Өркен» ЖШС Лисаков филиалында, керісінше, темір кенін өндіру 23,7%-ға артып, 587,1 мың тоннаны құрады.

Сонымен қатар, қалада шағын және орта бизнес белсенді дамып келеді. Мамыр айында бұрынғы картон-қағаз комбинатының негізінде «Volcano» ЖШС құрылыс материалдары зауытын іске қосып, тротуар плиталарын шығара бастады. Инвестиция көлемі – 100 миллион теңге.  Жақын арада Октябрь кентінде «New Frontiers» ЖШС құны 3,5 миллиард теңге болатын полимерлі пленка өндірісін іске қосады. Кәсіпорын өнімдерін Қазақстан мен Ресей нарығына экспорттауды жоспарлап отыр.

«Бұдан бөлек, 2027 жылға қарай қалада бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында күнбағыс пен рапс өңдейтін Лисаков май экстракциялық зауыты (жоба құны – 39,1 миллиард теңге), «Tobyl Mining Services» жарылғыш заттар зауыты (200 миллион теңге) және 400 жұмыс орнын ашатын Лисаков металлургия зауыты (25 миллиард теңге) бар», — деді қала басшысы.

Қала басшысы қаржылық көрсеткіштерге де тоқталып өтті. 2026 жылдың 15 маусымындағы жағдай бойынша мемлекеттік бюджетке 4,6 миллиард теңге түскен, оның 2,1 миллиард теңгесі – қалалық бюджеттің үлесі.

«Өкінішке қарай, қалалық бюджеттің кіріс бөлігінде өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 37%-ға немесе 1270,2 миллион теңгеге төмендеу байқалады. Қазіргі уақытта бюджеттің шығыс бөлігі 9,2 миллиард теңгені құрап отыр», — деді Абай Ибраев.

Соған қарамастан, ТҮКШ нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде. Биыл жылу, су және кәріз желілерін жөндеуге 2 893,2 миллион теңге бағытталып, 6 ірі жоба қолға алынған.

Лисаковты абаттандыру жұмыстары да қарқынды. Қалада «Халық банк» ауданындағы «Бәйтерек» айналма жолы 40,5 миллион теңгеге толық жаңартылмақ.

«Жоба аясында мұнда қаланың символы іспеттес «Түлкі» мүсіні орнатылады. Сондай-ақ көпжылдық өсімдіктер егіліп, ақылды автосуғару жүйесі, фотоаймақ, декоративті жарықтандыру жасалады және «Бәйтерек» монументі сырланып, қалпына келтіріледі», — деді қала әкімі.

Сонымен қатар «Халықтық қатысу бюджеті» аясында 41 миллион теңгеге және жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге бөлініп, аулаларға жаңа балалар алаңқайлары салынуда.

«ERG» компаниясының қолдауымен «Tugan Qala» бағдарламасы аясында Лисаковта және Октябрь кентінде 100 миллион теңгеге 8 жоба (оның ішінде жылы аялдама, телемұнараны жарықтандыру, автотұрақтар) жүзеге асырылады. Жеңіс саябағын жаңғыртуға ERG гранты есебінен 155 миллион теңге жұмсалып, субұрқақ, спорт алаңдары жөнделді, енді орындықтар мен урналар ауыстырылып жатыр. Қаладағы 7 тұрғын үйге 22,2 миллион теңгеге сәулеттік жарықтандыру орнатылады.

Көлік инфрақұрылымы бойынша Жоғарғы Тобыл көшесінен Промышленная көшесіне дейінгі жол бөлігін орташа жөндеуге 65 миллион теңге бөлінген.

Шаһар басшысының айтуынша, қазіргі таңда қала жолдарының 74,9%-ы жақсы, 15,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда, ал 9,6%-ы әлі де жөндеуді қажет етеді.

Брифинг соңында Абай Ибраев республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасының барысын баяндады. Көктемгі кезеңде қалада 1700 түп ағаш (қайың, қарағай, терек) отырғызылған. Айта кетерлігі, бұл көшеттер демеушілер мен орман шаруашылықтары тарапынан тегін берілген. Сондай-ақ қалалық сенбіліктерге 17 мыңнан астам тұрғын қатысып, полигонға 301 тонна қоқыс шығарылған.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ