Телеарна тойы: автокөлік сыйға тартылды

Телеарна тойы: автокөлік сыйға тартылды

Облыстық «QOSTANAI» телеарнасының ұжымына кәсіби мереке қарсаңында су жаңа көлік тарту етілді.

Демеушілердің бұл сыйлығын ақпарат айдынындағы күнделікті жұмысты жеңілдететін нақты қолдау десе де болады. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында әріптестер марапатталып, арна тарихы мен бүгінгі тынысы да сөз болды.

Алда қалам ұстаған қауымның, яғни журналистердің кәсіби мерекесі келе жатыр. Ресми тілмен айтсақ, 28 маусым – ҚР БАҚ қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күнге орай облыстық «QOSTANAI» телеарнасы, ауласына ақ шаңқан киіз үй тігіп мерекелік іс-шара өткізді. Бұл жиынға облыстағы түрлі басқарма өкілдері, ақпарат саласындағы әріптестер, әскери бөлім мен облыстық полиция департаменті басшыларының орынбасарлары келіп, телеарна қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Құттықтау грамоталарын табыстап, құшақтарын гүлге толтырды.

Арнайы марапатқа ие болғандардың бірі – телеарна редакторы Гүлім Қажымқызы.

«35 жылдық тарихы бар телеарнада мен 3 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұл жерден үйренгенім көп. Бүгін еңбегімді бағалап құрмет көсретіп жатқандарға алғысым шексіз. Бұл маған ерекше шабыт береді. Әрі қарай да көрермендерге сапалы дүние ұсынуға тырысамын. Өзім еңбек ететін ұжым әрдайым аймақтағы ақпарат саласының алдыңғы легінде жүретініне сенімдімін», – деп қуанышын бөлісті әріптес.

«QOSTANAI» — алғашында есігін имене аттаған талай жастың қанатын қатайтып, мықты маманға айналдырған кадрлар ұстаханасы. Бұл үрдіс жылдар бойы желісін үзбей жалғасып келеді. «36,6» деп аталатын медицина тақырыбындағы хабардың авторы Би-Фатима Ералханқызы телевизиядағы қадамын осы қарашаңырақтан күні кеше бастаған жас буынның өкілі. Қызметке араласқанына бір жыл ғана болды. Әйтсе де аз уақытта өзін жақсы жағынан танытып, бүгін алғашқы марапатына ие болды.

«Бұл журналист ретінде алған менің алғашқы марапатым. Сондықтан да әрдайым ыстық болып қалады. Бүгінгі көрсетілген құрмет маған жігер берді, өзіме деген сенімімді нықтады. Осындай ұжымда жұмыс істегеніме қуаныштымын. Мұнда жастар көп, жаңа идея да көп. Соның бәрін бір арнада тоғыстырып, бұдан жақсы жобаларды жүзеге асырамыз деген ойдамын» дейді өзі.

Облыстық арна – өңірдің айнасы. Аймақтағы атқарылып жатқан әрбір ауқымды жоба, әлеуметтік мәселелер, экономикалық өзгерістер көгілдір экраннан күнделікті айтылады. Қалың бұқара қоғамның тамыр соғысын осындай ақпарат құралдары арқылы біліп отырады.

Алғаш хабары эфирге 1991 жылдың 1 ақпанында шыққан «QOSTANAI» – бүгінде «Қазақстан» корпорациясының құрамына кіретін аймақтардағы 14 филиалдың ішінде алдыңғы лекте. Жетпістен астам адам еңбек ететін, құрал-сайманы сай заманауи телеарна. Тәулігіне 14 сағат хабар таратады. Соның ішінде 56 пайызы таза өз өнімі. Қалған 44 пайызы сериал, концерт, роликтер тәрізді сырттан алынатын дүниелер. Мұндай тәжірибе барлық телеарнаға тән. Хабарлардың басым бөлігі мемлекеттік тілде шығады.

Бағдарламаларды дайындау барысында қоғамның барлық саласын қамту басты назарда. Мысалы «Ел мүддесі», «Бірінші студия», «Диалог», «Тема», «Тақырып» хабарларында өзекті мәселелер талқыланса, «Дарын», «Наследие народа», «Шаңырақ», «Туған жер тұлғалары» – танымдық хабарлар. «Тобыл тынысы», «Талант таим» сынды ойын-сауық бағдарламалары да бар.

Мерекелік жиында сөз алған облыс әкіміінң орынбасары Бақытжан Нарымбетов телеарна тарихына тоқтала келіп:

«БАҚ жұмыс істеу – жоғары жауапкершілікті, жеделдікті, приципшілдікті және мамандыққа адалдықты талап етеді. Ақпараттық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің іргетасы, мемлекет тұтастығының кепілі. Сондықтан осы жолда ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жандарға сәттілік тілеймін. Журналистер қауымына қолдау көрсету біздің парызымыз. Облыс әкімінің тапсырмасымен бірінші кезекте осы жердегі аула абаттандырылады. Ал телеарна ғимаратын жергілікті атқарушы органның балансына алып, келесі жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құжаттар әзірленеді», – деді.

Әрине, орынбасарадың айтқаны жүзеге асып жатса бұл жергілікті телеарнаға үлкен қолдау.

«QOSTANAI» арнасындағы әріптестерді «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы да құттықтап, ұжымға шығармашылық табыс тіледі. Бірі ұлт телевизиязының, енді бірі ұлт басылымының қарашаңырағы саналатын бұл ақпарат құралдары рухтас, мүдделес, мақсаты мен тілдегі ортақ серіктестер.

Мерекелік іс-шарадағы ең ерекше сый – жергілікті құрылыс компаниясының облыстық телеарна ұжымына автокөлік тарту етуі. Бұл серіктестердің бір-бірін тек рухани тұрғыда ғана емес, материалдық тұрғыда да қолдауының жарқын көрінісі. Телеарнаның, жалпы қандай да ақпарат құралының жұмысында жеделдік үшін тақымыңа басқан көлігіңнің сайлы болуы аса маңызды. Автокөлік кілтін облыстық «QOSTANAI» арнасының директоры Заңғар Санайға салтанатты түрде табыс еткен құрылыс компаниясының өкілі Данияр Еспайұлы: «Сіздерге әрқашан шалқар шабыт пен таусылмас төзім тілеймін. Ел мүддесі, халық қамы үшін атқарып жүрген еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын. Мына, біз сыйға тартқан темір тұлпар тілшілердің тақымында тозсын!», – деп жүрекжарды ілтипатын жеткізді.

blank blank blank

35 жылдық тарихы бар «QOSTANAI» арнасы тәуелсіз елімізбен тел өсіп, бірге қанаты қатайып, замана көшімен қатар қадам басып келеді. Телеарна тарихы – біте қайнап, бірге өрілген Қостанай өңірінің таспадағы тарихы. Журналистердің кәсіби мерекесіне арналған телеарнадағы той — осындай танымдық, тағлымдық мәні зор шара болды.

Дәуренбек ӘБДІБЕК