«Ауылдықтар» жастар жасағына қолдау білдірді

«Ауылдықтар» жастар жасағына қолдау білдірді

Жуырда «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен республика бойынша студенттік және жастардың еңбек жасақтары ресми түрде өз жұмысына кірісті. Ашылу салтанаты Астана қаласындағы негізгі алаңнан басталып, оған еліміздің 19 өңіріндегі жоғары оқу орындары мен колледждер Zoom платформасы арқылы тікелей қосылды.

Жастар жасағының ашылу рәсіміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев қатысып, жас буынға сәттілік тіледі.

Аталған маңызды шараға партияның Қостанай өңірлік филиалы ерекше қолдау білдірді. Соның ішінде Меңдіқара ауданының К.Дөненбаева атындағы кәсіптік-техникалық колледжінің ұжымы белсенділік танытқанын айту қажет. Оқу орнының студенттері, жастар және жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, еңбек маусымының басталуына куә болды.

«Студенттік және жастардың еңбек жасақтары – кіші буынды еңбекке баулуға, кәсіби тәжірибе жинақтауға, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды жоба. Биылғы жылы да жастар әлеуметтік, экологиялық, аграрлық және өндірістік бағыттағы жұмыстарға белсенді атсалысады. Жастардың бастамасына қолдау білдіріп, жаңа еңбек маусымына сәттілік тілейміз!»,-деп хабарлады «Ауыл» партиясының Қостанай өңірлік филиалы.

Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан аса жас қатыспақ. Негізгі төрт бағыт бойынша жастардың еңбек дағдыларын үйлестіруді көздейді. Олар: «Қайсар» құрылыс жасағы, «Білім» педагогикалық жасағы, «Жігер» механикалық жасақ және «Жалын» сервис жасағы. Бұл жасақтар жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға, әлеуметтік және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған.

Қымбат Мұратбекқызы

Суреттерді партияның ҚӨФ жолдады