Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, мемлекет пен халық арасындағы сенімге селкеу түсіретін қауіпті құбылыс.
Ол экономиканың өркендеуіне, әділдіктің салтанат құруына және азаматтардың құқықтарының қорғалуына кері әсер етеді. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Қазақстанда соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігінің электронды форматқа көшуі, қоғамдық бақылау тетіктерінің дамуы және азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігінің артуы – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.
Бұл жұмыстар Амангелді ауданында да өз жалғасын табуда. Ауданда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын түсіндіру және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі кездесулер, түсіндіру шаралары мен қоғамдық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда құқық қорғау органдарының рөлі ерекше. Осы орайда Амангелді ауданы полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Қабиболла Мәди Мақсұтұлымен әңгімелескен едік.
– Мәди Мақсұтұлы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ең маңызды мәселе не деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, әр азаматтың заңға деген құрметі мен жауапкершілігі маңызды. Сыбайлас жемқорлықпен тек құқық қорғау органдары ғана күреспейді. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Егер әр адам адалдықты басты құндылық ретінде қабылдаса, жемқорлықтың жолы кесіледі.
– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тұрғындардың рөлі қандай?
– Қоғамдық қауіпсіздік тұрғындар мен құқық қорғау органдарының өзара сеніміне негізделеді. Заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамау, азаматтық жауапкершілік таныту – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі.
– Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жастар адалдықты өмірлік ұстаным етуі керек. Білім алып, еңбекпен жетістікке жетуге ұмтылған жас ешқашан заңсыз жол іздемейді. Сондықтан олардың бойында әділдік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру аса маңызды.
Құқық қорғау саласы өкілінің бұл пікірі қоғамдағы адалдық мәдениетін қалыптастырудың маңызын айқын көрсетеді. Өйткені жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолы – оның алдын алу.
Жас ұрпақ тәрбиесі де бұл бағыттағы маңызды мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас ең алдымен отбасы мен мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан аудан мектептерінде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған тәрбие сағаттары, кездесулер мен түрлі танымдық шаралар өткізіліп келеді. Мұндай іс-шаралар жастардың заңды құрметтеуіне, әділдік пен адалдық қағидаттарын берік ұстануына ықпал етеді.
Қазақ халқы қашанда адалдық пен әділдікті жоғары бағалаған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген нақыл сөздің өзі халқымыздың әділдікке деген көзқарасын айқын аңғартады. Бұл құндылықтар бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Адал еңбек пен әділдік үстемдік құрған қоғамда ғана даму мен өркендеу болады. Сондықтан әрбір азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосуы қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бір күннің немесе бір мекеменің жұмысы емес. Ол – мемлекет пен қоғамның бірлескен ісі.
Амангелді ауданының тұрғындары да осы бағыттағы жұмыстарға белсенді атсалысып, заң үстемдігін нығайтуға өз үлестерін қосып келеді. Себебі адал қоғам ғана жарқын болашақтың кепілі бола алады.
Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ! Адал қоғам – жарқын болашақтың кепілі!
Ақбаян Сағынғалиқызы
