Науырзымда үш инвестициялық жоба жүзеге асады

Науырзымда үш инвестициялық жоба жүзеге асады

Науырзым ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Мәди Ихтиляпов мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, 2023-2026 жылдар аралығында ауданның агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 530 миллион теңгені құрайтын үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жобалар мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларын қамтиды. Нәтижесінде жеті тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Аудандағы маңызды жобалардың бірі Буревестник ауылында майлы дақылдарды өңдейтін цех ашу бастамасы. Бұл бағыттағы жұмыстар «Кошкодан С.И.» шаруа қожалығымен бірлесіп пысықталуда. Аталған шаруашылық Науырзым және Жангелдин аудандарында жалпы көлемі 4 мың гектар жерге майлы дақылдар егеді. Оның 1,4 мың гектары Науырзым ауданында орналасқан. Жобаны іске асыру жергілікті жерде өндірілген өнімді өңдеп, қосымша құн қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Екінші жоба Раздольное ауылында ірі қара мал мен жылқы өсіруге арналған ферма салу. Жобаның бастамашысы «Ақжол-78» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Инвестиция көлемі 150 миллион теңгені құрайды. Жоба аясында 300 бас жылқы мен 150 бас ірі қара мал ұстауға арналған шаруашылық құрылмақ. Сонымен қатар бес жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта серіктестік ресми тіркеуден өтіп, оған 6,3 мың гектар жайылымдық жер бөлінген. Бұдан бөлек, Раздольное ауылындағы бұрынғы «Ақжол» бөлімшесінің аумағында орналасқан төрт мал базасы мен қойманы сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы кезеңде шаруашылық 100 бас жылқы, 50 бас ірі қара және 100 бас ұсақ мал сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ мал азығын дайындауға қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын алу көзделген. Жобаны пайдалануға беру мерзімі 2026 жылдың қараша айына жоспарланып отыр.

Ал үшінші жоба Қарамеңді ауылында жүзеге асады. «Сырымжан» шаруа қожалығы ет бағытындағы ірі қара мал өсіру шаруашылығын ашуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 85 миллион теңге. Жоба толық іске қосылған кезде шаруашылықта 250 басқа дейін ірі қара мал өсіріледі. Екі тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта алғашқы кезеңде 100 басқа дейін мал сатып алу көзделіп отыр. Шаруашылыққа 5,3 мың гектар жайылымдық жер бөлінген. Жобаның негізгі мақсаты – экологиялық таза ет өнімдерін өндіріп, Қостанай облысы мен көршілес өңірлердің нарығына шығару. Сонымен қатар шаруашылықтың қарамағында мал азығын дайындауға арналған шабындық және жайылымдық жерлер де бар.

Брифинг барысында аудан әкімі Мәди Ихтияпов бұл жобалардың ауылдық аумақтарды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға оң әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы ауданның агроөнеркәсіптік әлеуеті артып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына қосымша мүмкіндік жасалады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА