Шомылу маусымының сақтық шаралары күшейтілді

Шомылу маусымының сақтық шаралары күшейтілді

Өңірдегі су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құтқару қызметтері күшейтіліп, профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Облыс аумағында 8 мыңнан астам су айдыны бар. Оның ішінде шомылуға рұқсат етілмеген 226 орын анықталған. Өңір басшысының қаулысына сәйкес облыста шомылуға арналған 25 ресми орын белгіленген.

Оның алтауы коммуналдық, ал 19-ы жекеменшік жағажай.

«Шомылу маусымы кезінде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін 120 құтқарушы, 35 техника, 21 жүзу құралы, сондай-ақ сүңгуірлік жабдықтар мен арнайы құралдар тұрақты дайындықта тұр. Суға түсуге арналмаған орындарда жағалау сызығын патрульдеу ұйымдастырылған. Сонымен қатар моторлы қайықтармен жабдықталған алты мобильді құтқару бекеті жұмыс істейді. Олар Гагарин бөгетінде, Орталық жағажайда, ҚЖБИ көпірі маңында, Қонайда, Ақжар су қоймасының бөгетінде, Шортанды өзенінде және Жітіқара ауданында орналасқан», – дейді Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Инеш Кәкімова.

Өткен жылғы шомылу маусымының қорытындысы алаңдатарлық жағдайды көрсетті. Былтыр облыс аумағында 8 адам суға батып қаза тапты. Олардың үшеуі Қостанай қаласында, екеуі Рудный қаласында, екеуі Қостанай ауданында және біреуі Лисаков қаласында тіркелген. Қайтыс болғандардың арасында бір кәмелетке толмаған бала бар. Қаза болғандардың төртеуі ресми шомылу орындарында суға кеткен. Атап айтқанда, Қостанай қаласындағы «Махито» демалыс аймағында бір адам, Рудный қаласының қалалық жағажайында бір адам және Қостанай қаласының қалалық жағажайында екі адам қайтыс болған.

«Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – алкогольдік масаң күйде шомылу, өз күшін асыра бағалау және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру. Өткен жылы суға кеткендердің төртеуі мас күйде болған, үш адам өз мүмкіндігін дұрыс бағаламаған, ал бір жағдайда бала ересектердің бақылауынсыз қалған. Су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін былтыр шомылу кезеңінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 205 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы шамамен 3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды», – дейді Инеш Кәкімова.

Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, биыл да су айдындарында адам өлімі тіркелді. Шомылу маусымы басталғанға дейін Лисаков және Жітіқара қалаларында шомылуға тыйым салынған орындарда екі адам суға кетіп қалған. Оның бірі – кәмелетке толмаған бала. Сонымен қатар шомылу маусымы кезінде Жангелдин ауданында белгіленбеген жерде суға түскен кәмелетке толмаған бала қаза болған.

«Биылғы қайғылы оқиғалардың негізгі себептері ретінде мас күйінде шомылу және ата-аналық бақылаудың жеткіліксіздігі көрсетіліп отыр. Атап айтқанда, бір жағдайда азамат алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін суға түскен болса, екі жағдайда балалар ересектердің қарауынсыз қалған. 2026 жылғы шомылу кезеңінде су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 15 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 227 мың 55 теңге», – дейді ТЖД өкілі.

Адам өлімінің алдын алу үшін Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтілуде. Бұл жұмыстарға Полиция департаментінің қызметкерлері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, Білім басқармасының өкілдері мен еріктілер тартылып, қосымша патрульдеу шаралары ұйымдастырылмақ.

blank blank

Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мамандар тек жабдықталған және рұқсат етілген орындарда шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, алкогольдік масаң күйде суға түспеуге және белгіленген қалқыма белгілерден ары жүзбеуге кеңес береді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – ТЖД баспасөз қызметі