Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов арнайы жұмыс сапарымен Арқалық қаласына келді.
Сапар барысында облыс басшысы қаланы кіреберісінен бастап автобуспен аралап, ғимараттардың қасбеттері, қоршаулар және айналасындағы аумақтардың көгалдандыру жұмыстарына назар аударды.
Жанар май құю станцияларының басшыларымен жүздесіп, олардың жұмыс жоспарларымен танысты. Қалада бензин мен дизель отынын бөлшек саудада сатуды ұсынатын 5 жанармай құю станциясы жұмыс істейді. Уақыт өзі талап етіп отырғандай бұл станциялардың заманауи қызмет көрсету орнына айналатын кез жетті. Сол себепті, нысандарды жаңа кейіпке енгізу шаруалары қолға алынбақ. Станция иелерінің айтуынша құрылыстың құжаттарын әзірлеп, іске кірісуге 3-4 айдай уақыт қажет екен.
Облыс әкімі істі жеделдетіп, жылдам әрі сапалы обьектілерді іске қосуды тапсырды. Мәлім болғанындай қалада тағы бір жанармай құю станциясы бой көтермек. Бұл әрине Президент пәрменімен жүзеге асып жатқан «Орталық – Батыс» күре жолы құрылысының аяққа тұрып жатқанына тікелей байланысты.
Облыс әкімі қаланың Қайырбеков көшесі №58 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда мердігер: «Лидер Строй 2002» ЖШС. Жоба құны: 25 456 410 теңге. Келісім — шарттың аяқталу күні: 2026 жылғы 1 шілде. Нысанның ағымдағы жағдайы: металл сайдинг қаптамасы 60%, балкон әйнегі 80% аяқталған.
Құмар Іргебайұлы жұмыс барысымен етене танысып, мердігерге құрылысқа жергілікті адамдарды тарту қажеттігін нықтап ескертті.
Арқалық теміржол вокзалын қайта құру жұмыстары аяқталу шегіне тақаған. «Самұрық-Қазына» АҚ қаржыландыратын, 1771,2 шаршы метр аумақты алып жатқан ғимаратты қайта құруға 833 миллион теңге бөлінген. Қазіргі уақытта нысанның жылыту, кәріз және желдету жұмыстары аяқталған. Шатырды ауыстыру 100%, сыртқы қасбет 95%, ал ішкі әрлеу 90% аяқталған.
Облыс әкімі вокзалдың ішкі бөліністеріне баса назар аудару қажеттігін тапсырды. Халыққа қызмет көрсететін орын кең әрі сәулетті болуы тиіс. Оны қандай да бір мәселелерді желеу етіп, қағажу қалдыруға болмайды.
Арқалық жылу электр станциясында қаланы жылумен жабдықтауды қатты отынмен (көмірмен) жұмыс істейтін жаңа жылу электр станциясы, екі бу қазандығы (№4 және 6) және ыстық су қазандықтары (№3 және 4) қамтамасыз етеді. №5 бу қазандығы резервте. Қатты отынға көшудің арқасында қала жылына шамамен 2 миллиард теңге үнемдейді.
Орталық «Жігер» стадионын 39-шы облыстық спартакиадаға дайындау мәселесі күн тәртібінде. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Стадионды ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 207 миллион теңге (195,4 миллион теңге: жасанды шөп пен тартан бетін ауыстыру, көрермендер трибуналарын, стадион қоршауларын, төсемдерін жөндеу және т.б.) бөлінді. Конкурстық сауда рәсімдері өткізіліп, «Құлсары жастары» ҮЕҰ (Алматы) жеңімпаз болып танылды. Стадионды ағымдағы жөндеу жұмыстарына 11,5 миллион теңге (есікті ауыстыру, қабырғаларды бояу және т.б) «Самрат құрылыс инвест» ЖШС (Алматы) компаниясының құзырына берілді.
Мәлім болғанындай облыстық спартакиада Арқалықта алдағы тамыз айының 6-9 аралығында өтпек.
Биыл қалада спорттық-сауықтыру орталығы мен жабық хоккей алаңының құрылысы басталды. Жобаны жобалаудан бастап құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға дейін «Самұрық-Қазына» АҚ жүзеге асырады. Жоба құны 1,6 миллиард теңге. Бас мердігер: «Құрылысшы-TBS» ЖШС. Жобалаушы: «Эксельлет» ЖШС. Құрылыс алаңы: 2120,53 шаршы метр. Арқалық қаласында жабық хоккей алаңын салуға 2026 жылға арналған облыстық бюджеттен 545,1 миллион теңге бөлінген. Келісімшартқа сәйкес, құрылыс құны ҚҚС-ның 16%-ға өсуін ескере отырып, 552,1 миллион теңге. Сондықтан қосымша 7,0 миллион теңге қаржыландыру қажет. Мердігер: «ExclusiveStroy» ЖШС, Лисаковск. Ғимараттың жалпы ауданы 2 360,94 шаршы метр.
Биыл Арқалық қаласында үйлердің аулаларын асфальттау жұмыстары қолға алынды. Қалада 130 – дан астам аула болса бүгінгі күні соның 20-ның ғана ауласы талапқа сай. Қала әкімі Әмірхан Асанов айтқандай бұл жұмыстардың кешеуілдеуіне қалада кезең-кезеңімен жүріп жатқан жылу, су, кәріз құбырларын жаңғырту науқандары басты себепші. Сондай – ақ, балалардың ойын алаңдары әлі де болса көптеп сұранысқа ие.
Құмар Іргебайұлы үй аулаларын ретке келтіруді кешеуілдетуге болмайтынын алға тартып, облыстық тиісті басқарма басшысына мәселені жіті назарда ұстауды тапсырды.

Облыс әкімінің Арқалық қаласындағы жұмыс сапары ертең тағы жалғасын таппақ.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
