Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан рейтингтік турнирде қазақстандық балуандар тағы да қуантты.
Кезекті жарыс күнінде ұлттық құрама үш қола медаль жеңіп алды.
Грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақта Еркебұлан Ардақов қола жүлде үшін белдесуде оңтүстіккореялық қарсыласын жеңсе, 130 келіге дейінгі салмақта Олжас Сырлыбай үндістандық балуанды айқын басымдықпен ұтып, үшінші орынға ие болды.
Әйелдер күресінде Нилуфар Раимова да намысты қолдан бермей, Сингапур өкілінен басым түсіп, Қазақстан қоржынына тағы бір қола медаль салды.
Өкінішке қарай, Марал Тәңірбергенова қола үшін күресте жеңіліс тапса, Жәмила Бақбергенова жарақатына байланысты жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.
Еске салайық, бұған дейін Нұрасыл Аманалы күміс медаль жеңіп алып, ел мерейін асқақтатқан болатын.
Қазақстандық балуандардың халықаралық аренадағы табыстары жалғасуда. Құтты болсын!
