«Ауыл» партиясы Қостанай өңірлік филиалы ауыл тұрғындарын қолдау бағытындағы қайырымдылық және әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Осындай игі бастамалардың бірі – ауыл тұрғындарына тауық балапандарын тарату акциясы бүгінде өз жалғасын табуда.Жуырда партия филиалының төрағасы Н.Өтеулин партия белсенділерімен бірге Қостанай қаласындағы «MOLDEX» ЖШС басшысы Д.Молдабаевамен кездесіп, оның ауыл халқына істеген қайырымды ісіне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, «Жаңа жол 369» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі А.Қайбжанованың қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл қайырымдылық акциясының маңыздылығы ерекше айтылды.

Аталған игі бастама алғашында Қостанай ауданының Октябрь ауылы тұрғындарына бағытталса, бұл жолы Алтын дала және Жамбыл ауылдарының тұрғындарына жалғасты. Ауыл тұрғындарына өз кәсібін дамытуға, шағын шаруашылықтарын кеңейтуге қолдау көрсету мақсатында тауық балапандары таратылды.

Бастаманы ұйымдастыруға партия белсенділері – Академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің жаратылыстану ғылымдары кафедрасының доценті Р.Бейшов пен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің аға оқытушысы Б.Балабаев белсене атсалысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қолдаулар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, еңбекке деген ынтасын арттыруға және ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға оң әсерін тигізеді. Әсіресе жастар үшін бұл – жеке шаруашылық бастап, табыс көзін қалыптастыруға берілген үлкен мүмкіндік.

Бүгінде ауыл халқы үшін осындай нақты көмектің маңызы зор. Қарапайым ғана бастама болып көрінгенімен, оның артында үлкен жанашырлық пен елге деген қамқорлық жатыр. Ауыл тұрғындары ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдіріп, мұндай игі істердің жалғаса беруіне тілектестіктерін жеткізді.
Осындай қайырымдылық шаралары қоғамдағы өзара көмек пен бірлікті нығайтып қана қоймай, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да үлес қосуда.
