Меңдіқара ауданы аумағында орналасқан М. Қарабаев атындағы Қостанай облыстық оңалту орталығы халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде орталық өңір тұрғындарының денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған маңызды емдеу мекемелерінің біріне айналды.
Орталықтың бас дәрігері Жәнібек Жетмековтің айтуынша, науқастар емханалар мен ауруханаларда негізгі ем қабылдағаннан кейін оңалту шараларын осы орталықта жалғастыра алады. Мұнда облыстың әр түкпірінен келген тұрғындар ем қабылдайды. Ол үшін науқастың денсаулық жағдайын растайтын талдау нәтижелері болуы қажет. Мамандар сол қорытындылар негізінде арнайы ем-дом тағайындайды.

«Алғашында орталық коронавирус инфекциясынан кейінгі оңалту мекемесі ретінде ашылған. Уақыт өте келе емдеу бағыты кеңейіп, бүгінде мұнда аяқ-қол сынуы, буын алмастыру оталары, омыртқа жарақаттары, кардиохирургиялық және нейрохирургиялық операциялардан кейінгі науқастарға, инсульт пен бас жарақатын алған азаматтарға, сондай-ақ пневмониямен ауырған адамдарға кешенді оңалту көмегі көрсетіледі» — дейді Жәнібек Жетмеков.
Орталық қызметіне ем алушылар да жоғары баға береді. Ұзынкөл ауданынан келген құрметті азамат Кенесары Мырзахметов бұл жерге төртінші рет келіп отырғанын айтып, дәрігерлердің кәсібилігі мен жанашырлығына ризашылығын білдірді.

— Дәрігерлердің науқастарға деген көзқарасы ерекше. Төрт мезгіл тамақ береді, тағамдары дәмді, ауасы таза. Өзімді жақсы сезініп жүрмін. Келем деушілер еш ойланбастан келу керек, — дейді ол.
Адам денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған бұл орталық алдағы уақытта да талай жанның сауығып, қалыпты өмірге оралуына себеп болары анық.
БОТА МАНЕТ
