ҚАДЫР КӘРІМҰЛЫ КӘРІМОВТІҢ РУХАНИ МҰРАСЫ

ҚАДЫР КӘРІМҰЛЫ КӘРІМОВТІҢ РУХАНИ МҰРАСЫ

«Адамның адамшылдығы ең алдымен жақсы ұстаздан» деген Абай Құнанбайұлының сөзі – ұрпақ тәрбиесінің мәңгілік темірқазығы. Ұстаз – ел болашағын қалыптастырып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін киелі мамандық иесі.

Осындай ұлы жолды өмірінің өзегіне айналдырған тұлғалардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, білім саласының жанашыры, мектептің негізін қалаушы әрі алғашқы директоры Қадыр Кәрімұлы Кәрімов.

Қадыр Кәрімұлы 1917 жылы 9 мамырда Қостанай ауданы Кенжебай ауылында (қазіргі «Алтын Дала» ауылы) дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол 1933 жылы Қостанай қаласындағы педагогикалық училищеге түсіп, 1938 жылы оны тәмамдайды. Сол жылы Семиозер ауданындағы Шолақсай орта мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастайды.

1939 жылы әскер қатарына шақырылып, Архангельск қаласында қызмет атқарады. 1941 жылы офицерлік мектепті аяқтап, кіші лейтенант атағын алады. 1942 жылы майданға аттанып, пулемет взводының командирі ретінде Ұлы Отан соғысының ауыр шайқастарына қатысады. 1944–1945 жылдары Карель майданы мен Румыния, Венгрия жеріндегі ұрыстарда ерлік көрсетіп, аға лейтенант шенінде Жеңіс күнін қарсы алады. 1945 жылдың қараша айында туған еліне оралады.

Соғыстан кейін ел еңсесін тіктеу ісіне белсене араласқан Қадыр ағай 1946 жылы Қостанай ауданындағы «Красный Октябрь» ауылына мектеп директоры болып келеді. Ол кездегі білім ордасының жағдайы өте ауыр еді: ескі ғимарат, оқу құралдарының тапшылығы, мұғалім жетіспеушілігі – барлығы білім беру ісін қиындатты.

Соған қарамастан Қадыр Кәрімұлы мойымады. Ол ауыл-ауылды аралап, мұғалімдер іздеп, білім ордасын қайта жандандыруға бар күшін салды. Украина және басқа өңірлерден келген ұстаздарды жұмысқа тартып, мектептің іргесін бекітті.

1947 жылы ауыл тұрғындарының көмегімен ескі ғимарат жөнделіп, мектеп пен интернат ретінде пайдаланылды. Сол жылы Саманбасы ауылында қосымша мектеп үйінің салынуына да атсалысты. Ол үнемі:

«Біздің балалардың білімі ешкімнен кем болмауы керек» – деп айтып отыратын.

1948 жылы Қарасу көлінің жағасында жаңа сыныптар, мұғалімдер бөлмесі мен үлкен зал салынды. Бұл – ауыл халқының бірлігі мен ұстаз еңбегінің жемісі еді. Кейін бұл мектеп толыққанды онжылдық білім ордасына айналды.

Қадыр Кәрімұлы шәкірт тәрбиесіне ерекше мән берді. Ол әр баланың қабілетін танып, білімді өмірмен ұштастыра білді. Сабақ барысында үнемі қозғалыста болып, оқушылармен тығыз жұмыс істейтін. Оның сабақтары қызықты әрі әсерлі өтетін.

«Өтірік өрге баспайды» деген қағиданы шәкірттерінің санасына сіңіріп, адалдық пен әділдікке баулыды. Майдандағы өмірлік тәжірибесін сабақпен байланыстыра отырып, оқушылардың дүниетанымын кеңейтті.

Оның тәрбиесін алған шәкірттер арасынан елге танымал азаматтар шықты. Олар әртүрлі салада абыройлы қызмет атқарып, ұстаз еңбегінің нақты нәтижесін көрсетті.

Атамыз өз балаларына да өте қатал, бірақ әділ кісі болған екен. Сабақ барысында ешкімге жеңілдік жасалмайтын. Тіпті «бес» алып келген оқушыға да «төрт» қойып, «әлі де жетілу керек» деп талап қоятын. Ал «үш» алған шәкіртке де қатаң талап қойып, білімге деген жауапкершілікті жоғары деңгейде ұстай білген.

Оның бұл ұстанымы көпке үлгі болды. Ол үшін ең басты құндылық – адалдық пен тәртіп еді. Білімнің сапасы мен шәкірттің шынайы еңбегі әрдайым бірінші орында тұрған.

«Менің үлкен әпкем Зәйіт апа күміс медальға үміткер болып жүрген кезінде де сол кісінің сабағына қатысқан екен. Сонда да ол кісі ешқандай жеңілдік жасамай, бәрінен бірдей сұрап, білімін әділ бағалап отырған», – дейді келіні Сәуле Кәрімова.

Қадыр Кәрімов әулетінде ұстаздық дәстүр үзілмей жалғасты. Қыздары мен келіні де білім саласында еңбек етіп, педагогикалық жолды таңдады. Бұл – әулет тәрбиесінің сабақтастығын айқындайтын маңызды көрініс.

Ұстаз тек білім беруші ғана емес, елге қамқор азамат ретінде де танылды. Ол мұқтаж жандарға қол ұшын созып, ауыл тұрғындарына әрдайым демеу болды. Қиын кезеңдерде сабырлық танытып, елді бірлікке шақыра білді.

2007 жылдың наурыз айында Қадыр Кәрімұлы өмірден өтті. Алайда оның жарқын бейнесі мен еңбегі халық жадында сақталып қалды. 2017 жылы мектепке Қадыр Кәрімовтің есімі ресми түрде берілді.

Бүгінде оқу орнында ұстазға арналған арнайы мұражай бұрышы жұмыс істейді. Онда оның өмір жолына қатысты құжаттар, фотосуреттер мен естеліктер сақталған.

«Ердің атын елі шығарады» деген халық даналығы Қадыр Кәрімұлының өмір жолына толық сай келеді. Бүгінде ол негізін қалаған мектеп ауданның беделді білім ордаларының біріне айналып отыр.

Қадыр Кәрімұлы Кәрімовтің өмір жолы – ерлік пен еңбектің, адалдық пен әділдіктің жарқын үлгісі. Оның рухани мұрасы – өткенге тағзым, бүгінге өнеге, болашаққа бағдар.

Диана Алмасқызы

ҚӨУ студенті