Қан майдан қасіреті кино тілінде

Қан майдан қасіреті кино тілінде

«Жақсы киноны көрмейсің, сезінесің». Ал адамзат қасіреті арқау болған фильмдерді сезініп қоя салу аз, одан сабақ алмақ керек. Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы әлем кинематографиясының ең танымал тарауларының бірі дер едік. Онда тарих та, тақсірет те, зұлымдық та, ізгілік те, астыртын ымдау да, ашық үндеу де бар. Бүгін отандық, посткеңестік және әлемдік киношедеврлердің бірнешеуін еске түсіріп көрейікші.   

           

            «Ана туралы аңыз». Бұл – қазақ киносының классикасына айналған, адамзаттық мәңгілік құндылықтарды терең қозғайтын көркем фильм. Мұны соғыс қасіреті мен ананың шексіз махаббаты қатар өрілген философиялық туынды дей аламыз. 1963 жылы түсірілген драмалық, символикалық фильм. Режиссері – Александр Карпов. Сюжетін баяндар болсақ, фильмде соғыс кезінде баласынан айырылған ананың тағдыры көрсетіледі. Ана жүрегі үміт пен қайғының арасында қалады. Ол ұлының тірі екеніне сеніп, оны жылдар бойы күтеді. Уақыт өте келе ол өз баласын ғана емес, соғыстан зардап шеккен, тағдыры талқандалған басқа да адамдарды «өз баласындай» көре бастайды. «Соғыста атылған оқ әуелі ананың жүрегіне тиеді» деген тәмсілдің мәнін осы туындыдан түйсінуге болар еді. Сондықтан фильмде нақты оқиғадан гөрі терең мағына басым. Мұндағы ана – бір адамның ғана емес, бүкіл адамзаттың символдық бейнесі. Қатыгездік, зұлымдық, зұлмат, ашық көрсетілмесе де оның салдары өте ауыр сезіледі, жүректі қозғап, адамгершілік туралы ойға шомдырады. Қан майданның қазаққа немесе кеңес одағына емес, күллі әлемге ортақ трагедия екенін меңзейді. Соғыста жеңімпаз болмайтынын, бәрі де оның құрбанына айналатынын, соның ішінде ананың, Жер-ананың жапа шегетінін ұғындыратын терең философиясы бар фильм. Кино – көмескі тартып кетсе де қазақ фильмінің алтын қорындағы құнды мұра. «Шіркін, осыны жаңғыртып, қайта түсірер ме еді» деген ойда қаласың кейде…

            «Мәншүк туралы дастан». Режиссер Мәжит Бегалин 1969 жылы түсірген, шынайы тарихи оқиғаға негізделген бұл әскери драма – қазақ киносының қазынасына айналған, қаһарман Мәншүк Мәметова туралы баяндалатын әсерлі туындылардың бірі. Фильм Мәншүктің балалық шағынан бастап, майдан даласында қаза тапқанға дейінгі өмір жолы суреттеледі. Қат-қабат оқиғалар легінде оның қайсарлығы, батырлығы, елге деген сүйіспеншілігі біртіндеп ашыла түседі. Пулеметші қыз жауға қарсы соңғы демі қалғанша шайқасады. Ақырғы қиян-кескі шайқас көріністері – фильмнің ең әсерлі, жаныңды алай-түлей ететін тұстарының бірі. Бір есеппен, кинода артық пафос та жоқ. Барлығы табиғи: майданның үрей-үміт арасындағы буалдыр өмірі, жауынгерлер қарым-қатынасы, соғыстың ауырпалығы нанымды сипатталған. 20-ақ жасында ерлікпен қаза тапқан қыршын қыздың жасын-ғұмыры арқылы соғыс қасіретін де, жаужүрек болмысты да шендестіріп көрсете білген. Мұнда әлдебір фильмдердегідей соғысты романтизациялау пиғылы жоқ. Бар болғаны – қазақтың батыр қызына қойылған ескерткіш.blank

Мұның қатарына Әлия Молдағұлова туралы түсірілген «Мергендер» фильмін де қоса кетуге болады. Бұл фильмнің басты өзегі соғыс ерлердің ғана емес, әйелдердің де тағдырын түбегейлі өзгерткенін көрсету деп білеміз. Кейіпкердің моральдық ауырпалығы, балалықпен тым ерте қоштасуы, фашизмге деген ыза-кегі, 18-ақ жасында қаза болған қыздың қайсарлығы көрініс табады. Соғыстың сұмдық-сойқаны, жауыздық бейнесі әйел мергендердің көзімен көрсетілген. 1985 жылы таспаланған бұл фильм ел жадында жатталып қалған елеулі туындылардың бірі екені сөзсіз. blank

 

«Бар да көр» («Иди и смотри»). Екі сериялы жан түршіктірерлік фильм Кеңес дәуірі тұсында, 1985 жылы Белоруссияда түсірілген. Бұл – екінші дүниежүзілік соғыс туралы түсірілген ең ауыр, ең шынайы туындылардың бірі. Оны көрген адам құдды бір соғыстың ішіне кіріп шыққандай күй кешеді. Фильм ауыл баласы Флёраның партизандарға қосылуынан басталады. Алғашында ол соғысты батырлық, ерлік деп қабылдайды. Бірақ уақыт өте келе ол аядай ауылындағы жан төзгісіз қырғын, қатыгездік, бейбіт халықтың жаппай жойылуына, нацистік жазалау операциясына куә болады. Фильмнің ең ауыр тұсы – фашистердің ауыл тұрғындарын тірідей қырып-жоятын көріністері. Бұл эпизодтар шынайы оқиғаларға негізделген. Тарихта болған оқиға арқау етілген. Көп фильмде соғыс батырлық баяны ретінде сипатталса, бұл жерде тек қорқыныш, аштық, психологиялық күйреу, адамгершіліктің ада-күде болуы көрсетіледі. Фильмде кейіпкердің ішкі күйін жеткізу үшін ерекше тәсілдер қолданылған: ұзақ, тікелей камераға қарау, құлақ тұндыратын үрейлі дыбыстар, үнсіздік пен хаос көрерменді бейжай қалдырмайды. Кейбір сәтте сен де кейіпкермен бірге ештеңені «естімей», дәнеңені «сезбей» қаласың. Флёраның бейнесі фильм барысында қатты өзгереді. Басындағы аңғал, жайнақы бала кино соңында соғыстан жан дүниесі күйреген адамға айналады. Тіпті оның бет-әлпеті де өзгеріп, қасіреттен қартайып кеткендей әсер береді. Сонысымен де соғыстың нағыз бет-бейнесін жасырмай ашады. Туынды финалында қасіреттен дал-дұлы шыққан «шал өңді» жасөспірім ұзап кеткен партизандарды қуып жетіп, Моцарт реквиемімен қарлы орманға сіңіп бара жатады… Әлемнің көптеген киносыншысы бұл фильмді «соғыс сұмдығын әшкерелеген ең шынайы фильмдердің бірі» деп бағалады. Қысқасы, режиссер Элем Климовтың бұл еңбегі – соғысты түсіндіретін емес, сезіндіретін, адамзаттың қандай жауыздыққа бара алатынын, қандай зілмауыр қасіретке душар болуы мүмкін екенін алдыңа жайып салады.blankblank

«Шиндлер тізімі». «Бір адамды құтқару бүкіл әлемді құтқарумен тең». Адамзат тарихындағы кинематографияның шырқау шыңына көтерілген голливудтық фильмнің басты слоганы осы. Әйгілі режиссер Стивен Спилберг 1993 жылы болған оқиға желісімен  түсірген, «Оскар» иеленген, Холокост қасіретін шынайы жеткізген тамаша туынды.blank1939 жыл. Польша. Неміс бизнесмені Оскар Шиндлер Краков қаласына эмальдалған ыдыс-аяқ жасайтын фабрика ашу үшін келеді. Ол неміс әскерінің басшыларымен оңай тіл табысып, достасып алады. Бастапқыда соғыстан пайда табуды көздейді. Ісі алға басады да. Геттода тұратын еврейлерді арзан жұмыс күші ретінде жұмысқа қабылдайды. Бірақ уақыт өте келе нацистік режимнің еврейлерге жасаған қырғынын көріп, көзқарасы түбегейлі өзгереді. Еврейлерді көзін бір жола жоюға Аушвиц концлагеріне жіберу шешімі қабылданғанда Шиндлер «кәсібіме қажет» деген желеумен нақақ еврейлердің өмірін аман сақтап қалу үшін жұмысшылар тізімін жасайды. Лагерьге кетіп бара жатқан құрбандардың көбін ақшаға сатып та алады. Кейін Чехияда оқ өндіретін зауыт ашып, жұмысшылар тізімін ұлғайта түседі. Соғыс та бітеді, мұның кәсібі де тоқырайды. Жұмысшылар Шиндлермен қоштасар кезде алғыс ретінде алтын тістерден сақина құйып, сыйға тартады. Сақинада «Бір өмірді құтқаратын адам барлық дүниені құтқарады» деген сөздер жазылған еді. Сол сәтте Шиндлер: «Мейрамханаларға, қымбат киім мен көлікке жұмсалған қайран ақшалар-ай, сол қаржыға тағы қаншама өмірді құтқаруыма болар еді-ау!» – деп өкініп, өкіріп жылайды. Фильм соңында Шиндлердің арқасында тірі қалған еврейлер мен олардың ұрпақтары және осы киноға түскен актерлер Израильдегі Шиндлердің мазарына құрмет ретінде белгітас қояды.blankБұл фильмнен қатігез жүйедегі жеке тұлғаның таңдауы, зұлымдық пен ізгілік күресі, адам өмірінің құндылығы нақты тарихи оқиғамен шебер суреттеледі. Қара-ақ түспен берілген кино соғыстың салқын, қатал, қасіретті атмосферасын күшейте түскен. Тек оққа ұшатын қызыл пальтолы кішкентай қыздың бейнесі ғана ерекше көрсетіледі. Бұл соғыстың бейкүнә құрбандарының символы болса керек. Адамзат жадына мәңгілік із қалдырарлық фильм деп сеніммен айта аламыз.

 

«Ар-ожданға сүйене отырып» («По соображению совести»). Бұл да шынайы оқиға арқау болған фильм. Режиссер Мел Гибсонның 2016 жылғы туындысы әлемді дүр сілкіндірді десек, артық айтпағанымыз. Ол соғыста қару қолданбай-ақ ерлік жасауға болатынын дәлелдеген, өмірде болған адамның тағдырын баяндайды. Басты кейіпкер Дезмонд Досс соғысқа аттанғанымен, «қару ұстамаймын, адам өлтірмеймін» деген қатаң қағида ұстанады. Майданға әскери дәрігер ретінде қатысады. Әсіресе, Окинава шайқасында ол екі жақтың да жаралы жауынгерлерін атыс-шайқас астынан алып шығады. Жалғыз өзі жүзден астам жауынгердің өмірін құтқарады. Мұндағы атыс-шабыс, жарылыс-дүмпу, алашапқын-аласапыран көрерменге қатты әсер етеді. Фильмді көріп шыққаннан кейін «нағыз ерлік адам өлтіру емес, адам өмірін құтқару екен ғой» деген ойда қаласың. Досс – адамзат тарихында «қарусыз батыр» ретінде аты қалған алғашқы адам. Ал бұл фильм зұлымдықты ізгіліктің табанына салып берген көркем фильм дер едік…blank

Мысал етіп айта берер болсақ, соғыс сұмдығын бейнелеген отандық, ТМД елдеріне ортақ және әлемдік фильмдердің түр-түрі бар ғой. Әріректегі Бауыржан Момышұлы туралы «Ел басына күн туса», қасіретті жылдардың бейнесін берген «Соғыстың соңғы жылы еді», «Балалықтың кермек дәмі», бертінде түсірілген «Қасым» сериалы, «Тұздыкөл жағасындағы үй», «Анаға апарар жол», былтыр ғана жарыққа шыққан «Бітім» фильмдері – қазақтың соны тұрпатты туындылары. blankОрыстар түсірген «Мұндағы таңдар тымық еді», «Т-34», «28 панфиловшы», «Парсы тілі сабағы», «Адам тағдыры» сияқты ілкімді кинолар аз емес. Әлемдік шедеврге айналған, аза бойды қаза қылатын «Пианиношы», «Қатардағы Райанды құтқару», «Жолақ пижамалы бала», «Дюнкерк», «Өмір тамаша» тәрізді фильмдер киноман қауымға жақсы таныс болар. Бұлардың бәріне ортақ жалғыз мақсат-мұрат бар: ол, әрине, адамзатты соғысқа қарсы үндеу, бейбітшіліктің құнын түсіндіру, ізгілікке шақыру. Сіз бұл тізімге қандай киноны қосар едіңіз?