1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы шешім қабылданды. Биыл Тәуелсіз Қазақстанның қарулы күштеріне 34 жыл толып отыр.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналып қалалық мәдениет сарайында «Ел қорғаны – ер ұлан» атты салтанатты жиын өтіп, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетілді. Әскерилер туды салтанатпен сахнаға әкеліп, ел Әнұраны орындалды.

Қала әкімі Әмірхан Асанов мереке иелерін құттықтап, еңбек озаттарына облыс және қала әкімдерінің Құрмет грамоталарын табыс етті.

«Қарулы күштерде қызмет ету әрбір қазақстандықтың құрметті міндеті. Отан алдындағы қасиетті парызы.

Жыл сайын Арқалық қаласынан мерзімді қызмет өткеру үшін жүзден астам жас азамат әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын абыроймен атқарып келеді.

Бүгінгідей мамыражай уақытта әскери қызметкерлеріміз бейбіт күннің батыры атанып жүр. Арқалық қаласының өзінде жыл сайынғы көктемгі қауіпсіздік шараларына үлес қосып жүрген Қостанай облысының әскери құрылымдарына, қаламыздың түрлі мекемелері мен ұжымдарының ер азаматтарына айтар алғысымыз шексіз»,-деп атап өтті мерекелік құттықтауында қала әкімі Әмірхан Асанов.

Отан қорғаушылар күніне орай және жемісті еңбегі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен қала әкімі аппаратының мемлекеттік қызмет мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Әлиасхаб Магомедов, Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің директоры Руслан Мәмбетов марапатталды. Қала әкімінің Құрмет грамоталары да иелерін тапты.

Қала әкімінің салтанатты құттықтау — марапаттауларынан кейін қала өнерпаздарының күшімен әсем ән мен тәтті күй әуелеген мерекелік концерт көрермендер назарына ұсынылды.
МҰРАТ ЖҮНІСҰЛЫ
